Киіктер қыстайтын жерін қалай таңдайды?

Киік – қазақ даласының тірі шежіресі. Сәні мен киесі қатар өрілген ақбөкендерді аман алып қалу, оларды келер ұрпаққа жеткізу – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Даланың киелі жануарын қорғау мақсатында елімізде қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр? Бұл туралы ««24KZ» арнасында айтылды. 

«Охотзоопром» ӨБ РМҚК бас директорының орынбасары Айбек Әліпбайдың айтуынша, көктемгі санақ бойынша Қазақстан аумағында 4 млн 700 мыңға жуықтай киік тұрақталған. Егер елімізде 2023 жылы 21 бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4 млн 700 мыңға жетті. Әрине, бұл жануарларды қорғау жолында көп іс атқарылғанын көрсетеді. Дегенмен әлі де қырағылық керек.

Ақбөкендерді қорғау және санын реттеу қалай жүріп жатқаны туралы Айбек Әліпбай былай дейді: «Ол үш бөлікке бөлінеді. Ең көбі Орал популяциясы 2 млн 800-дей бас бар. Екінші тұрған Бетбақдала популяциясы. Ол Орталық Қазақстан, Оңтүстік өңірлерде бар. Үшіншісі 200 мыңға, 120 мыңдай шамасында Үстірт популяциясы бар».

Киік қайда қыстауы мүмкін?

Киік көшпелі жануар болғандықтан, олардың қыстайтын жерлері ауа райына, қардың қалыңдығына және қорек көзіне тікелей байланысты. Ертеде киік қыста Өзбекстанды мекендеген деседі. Биыл қыс келіп қалды киіктер қай жерді мекендеуі мүмкін?

«Әлемнің 98-99 пайыз киігі Қазақстанда шоғырланған. Бұрынғы кезде Өзбекстанға өтетін болса, қазір бастапқы азық-түлікке байланысты, ауа райына байланысты киіктің басым бөлігі Қазақстанда шоғырланатындықтан, қыста да біздің елімізде тұрақтайды. Аз ғана бөлігі көршілес мемлекеттерге кіріп-шығып жүреді», - деп пікір білдірді «Охотзоопром» ӨБ РМҚК бас директорының орынбасары Айбек Әліпбай.

Киікті сақтау мақсатында қандай шаралар жүріп жатыр?

Киік – қазақ даласының табиғи байлығы әрі дала экожүйесінің маңызды бөлігі. Бүгінгі міндет – киікті тек көбейту емес, оның далада еркін тіршілік етуіне жағдай жасау. Киікті аман сақтау жолында елімізде тыңғылықты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сала мамандары күні-түні қызмет етіп жүр.

«Негізі киікті қорғайтын инспекторлар бізде жұмыс істейді. Күн демей, түн демей, қысы-жазы осы киіктің жанында болады. Киіктің шоғырланған жерлерінде жүреді. Қаза тапқан инспекторларымыз да бар. Мемлекет тарапынан қолдау болғандықтан, машинамыз да сай. Жол талғамайтын машиналарымыз бен қаруымыз да бәрі бар. Қазіргі уақытта далада жігіттеріміз далада қорғау жұмыстарын құқық қорғау ұйымдарымен, табиғатты қорғау ұйымдарымен бірге  бірлесіп жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыс тоқтамайды» дейді «Охотзоопром» ӨБ РМҚК бас директорының орынбасары Айбек Әліпбай.

«Абай жолын» екінші рет оқып жатырмын

Әңгіме барысында Айбек Әліпбай ой-өрісті кеңейту, жан-жақты даму мақсатында кітап оқудың қажетттілігіне де тоқталды. Өзі «Абай жолын» екінші қайтара оқып жатыр екен.

«Әкемнің берген тәрбиесі бойынша «Абай жолын» екінші рет қайтара оқып жатырмын. Абайды оқымаған қазақ қазақ емес демекші, бұл өте тартымды кітап. Қазақтың болмысын көрсетеді», - дейді ол. 

Сондай-ақ оқыңыз: