Қазақстаннан 45 млрд теңгенің мұнай өнімі заңсыз шығарылған
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін шетелге заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды 24KZ.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушылардан шикі мұнай сатып алып, оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеткен. Сондай-ақ өнімге жалған сапа паспорттарын рәсімдеген.
Дайын өнім құжаттарда пеш отыны ретінде көрсетіліп, танкерлермен Ақтау теңіз порты арқылы шетелге шығарылған.
2019–2023 жылдары тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Бұл операциялардың жалпы құны шамамен 45 млрд теңге болған.
Биыл тергеу аясында іске қатысы бар адамдардың активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлікке тыйым салынды. Заңсыз табыс пен төленбеген салық есебінен мемлекет кірісіне 2 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Бұған дейін Ақтау қаласының соты ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесін, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен сауда компаниясының басшыларын 8 жылға бас бостандығынан айырған. Олар Қылмыстық кодекстің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабы 2-бөлігі бойынша сотталған.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы халықаралық іздеуге жарияланған.