«Жай ғана статистика емес, мыңдаған баланың тағдыры»: Құрылтайда педагог-ассистенттердің мәселесі көтерілді

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстанда педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жалақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібі енгізілуі мүмкін. Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды «24KZ».

Депутат өз сөзінде елімізде инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан: «Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе» деген сөзін негізге алды.

Бүгінгі таңда елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Оларға мектептер мен балабақшаларда 6,5 мың педагог-ассистент қолдау көрсетіп келеді. Депутат бұл мамандардың қоғамдағы рөлі жай ғана статистика емес, мыңдаған баланың тағдыры екенін айтты.

Педагог-ассистент – баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсететін маман, – деді Айнагүл Балташева.

Алайда бұл салада нормативтік құқықтық реттеудің жеткіліксіздігінен бірқатар түйткілдер туындап отыр. Қолданыстағы қағидаларда қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібі нақты емес. Бұған дейін еңбекақы есептеуде аптасына 16 сағаттық норма қолданылған, бірақ қазіргі уақытта өңірлерде бұл уақыт әркелкі есептеліп жүр. Бұл маман тапшылығына және көрсетілетін көмектің сапасына кері әсерін тигізуде.

Осыған байланысты депутат «Әділет» партиясы фракциясының атынан Оқу-ағарту министрлігіне мынадай нақты ұсыныстар жасады:

·         «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарына сай, педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін құқықтық тұрғыдан нақты бекіту және қаржылық негіздемесін әзірлеу;

·         Баланы тікелей сүйемелдеу уақыты мен сабаққа дайындалу, құжаттама жүргізу сияқты өзге кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажырату;

·         Педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін қамтамасыз ету.

Депутат ерекше баланың қоғамға бейімделуіндегі әрбір сәтті қадамның артында осы мамандардың қажырлы еңбегі жатқанын атап өтті.

Педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау. Біз баланың болашағына қамқорлық жасауды оның жанындағы маманның еңбегін әділ бағалаудан бастауымыз керек, – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.

Сондай-ақ оқыңыз: