Депутат: Ауылдағы нашар интернет пен жүйенің шикілігі 138 мың кәсіпкердің жұмысын қолдан байлады

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Ауылдық жерлердегі нашар интернет пен ақпараттық жүйелердің байланыспауы Қазақстандағы 138 мың жүк тасымалдаушы кәсіпкердің жұмысын тұралатып отыр. Осыған байланысты Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін (ЕСУТД) толық енгізу мерзімі 2027 жылдың маусымына дейін шегерілді. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының өкілі Ерқанат Мұсылманбек Көлік министрі Н.Сауранбаев пен Қаржы министрі М.Тәкиевке жолдаған ресми сауалында цифрлық платформаны жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар тастады, деп хабарлайды «24KZ».

Бүгінгі таңда шешімін таппаған негізгі мәселелер мыналар:

 Біріншіден, ауылдық жерлерде интернет байланысының әлсіздігінен құжаттарды цифрлық платформада уақытылы рәсімдеу мүмкін болмай отыр. Екіншіден, ақпараттық жүйелердің өзара байланысы жеткіліксіз. Соның салдарынан кәсіпкерлер бір мәліметті бірнеше рет қолмен енгізуге мәжбүр, – деп мәлімдеді Ерқанат Мұсылманбек.

Бұдан бөлек, шалғай аймақтарда жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізетін лицензиясы бар мамандардың тапшылығы да үлкен кедергіге айналған. Құрылтай мүшесі цифрландыру бизнесті қолдаудың орнына оған әкімшілік жүктеме түсіріп отырғанын айтты.

Осы түйткілдерді шешу үшін «Әділет» партиясы фракциясы қос министрліктен мынадай нақты шараларды қабылдауды талап етті:

·         Құжаттарды біріктіру: Қаржы министрлігімен бірлесіп, СНТ (ілеспе жүкқұжат) мен ТТН (тауар-көлік жүкқұжаты) құжаттарын бір электрондық тасымалдау құжатына айналдыру;

·         Жүйелерді интеграциялау: Цифрлық платформаны кәсіпкерлер қолданатын 1С, ERP, WMS есеп жүйелерімен толық байланыстыру;

·         Жауапкершіліктен босату: Интернет үзілген немесе техникалық ақау шыққан жағдайда құжатты кейін енгізуге рұқсат беріп, кәсіпкерлерді жазықсыз жазаламау;

·         Жаппай сынақтан өткізу: Жүйені толық іске қосудан бұрын оны тасымалдаушылармен және мемлекеттік органдармен бірге кең көлемде тексеру.

Ерқанат Мұсылманбек мемлекеттік органдарға реформаның түпкі мәнін тағы бір мәрте ескертті.

Біздің міндетіміз – құжаттарды жай ғана электрондық форматқа көшіру емес. Негізгі мақсат – тасымалдау процесіне қатысушыларға қосымша кедергілер тудырмайтын, сенімді әрі тәжірибеде тексерілген цифрлық платформаны қалыптастыру, – деп түйіндеді ол.

«Әділет» фракциясы көтерілген өзекті мәселелер бойынша Көлік және Қаржы министрліктерінен заңда белгіленген мерзімде нақты жазбаша жауап талап етті.

Сондай-ақ оқыңыз: