Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша топ-20 елдің қатарында тұр
Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша 95 пайыздық көрсеткішпен, үздік 20 елдің қатарына енді.
Бұл туралы Үкімет басшысының ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Салазармен өткен кездесуінде мәлім болды. Басқосуда Қазақстанның ИКАО-мен ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланып, экономиканы дамытуға бағытталған ауқымды реформалар назарға алынды. Премьер-министр президенттің Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға, авиациялық хабтар қалыптастыруға және елдің транзиттік ролін нығайтуға ерекше мән бергенін атап өтті. Тиісінше ИКАО-мен өзара іс-қимыл Қазақстанның авиация саласы үшін стратегиялық маңызға ие. Хуан Карлос Салазар еліміздің авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктерін жоғары бағалап, әуежай және аэро-навигациялық инфрақұрылымды дамыту және нығайту бойынша маңызды қадамдардың жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ отандық әуе-компаниялары әуе флотын жаңғыртып, халықаралық маршруттық желіні кеңейтіп жатқанын да түртіп өтті. Айта кеткен жөн, соңғы бес жылда елімізде авиация саласының жалпы қызметі 6 жарым есе өсіп, 3 миллиард долларға жуықтады. Ал жолаушылар ағыны 31 миллион адамнан асып, халықаралық маршруттық желілер 160-тан астам бағытқа дейін артты.