Ақмолада «Қансонар» халықаралық бүркітшілер жарысы өтті
Ақмола облысында дәстүрлі «Қансонар» халықаралық бүркітшілер жарысы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Байрақты бәсекеге еліміздің құсбегілерінен бөлек Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекетінен 80-нен астам қатысушы жиналды. Тартысты дода өңірде осымен жиырма алтыншы рет ұйымдастырылды.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Биыл бүркітшілер алғаш рет Зеренді ауданында бас қосты. Осыған дейінгі жарыстар көрікті Көкшетау мен Бурабайдың баурайында ұйымдастырылған еді. Тартысты дода екі күнге жоспарланған. Сайыстың алғашқы күні бүркітшілер өзара мықтыны анықтаса, келесі күні жасөспірімдер қаршыға мен ителгілерін жарысқа қосты.
Сейілбек Жақашев, құсбегі:
- Атамыздан балаға мирас болып қалған бұл өнеріміздің жоғалмауына себепкер болып отыр. Қанша жас балалар жүр құсбегілерге еліктеп. Сондай керемет-керемет жақсы. Қазір өзі ғаламтордың заманы ғой. Әр баланың қолында бір-бір ноутбук, смартфон. Солардан айығып, арылып, екі күн болса осы жерде қызық көріп, қазақтың ұлттық өнерінен хабардар болып жатыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Дәстүрлі турнир соңғы бес жылда халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Отандық құсбегілерден бөлек көрші мемлекеттен қатысушылар келіп, жарыстың көрігін қыздырған.
Сәйгүлік Нұрғайып, құсбегі /Моңғолия/:
- Мен жеті атамнан бері бүркітшімін. Әкем бүркітші. Кішкентай 12 жасымнан бері бүркітпен айналысамын. Әкем баптауға көмектеседі. Өздеріңізге белгілі, бүркітші Айшолпан менің әпкем.
Мутлу Қызылбоға, құсбегі /Түркия/:
- Мен осы құсбегілікті 2022 жылы Қазақстанда үйрендім. Неге қызықтым бүркітшілікке өнерге? Өйткені ескі жырларымыз бар Қорқыт ата, Қобыланды батыр деген. Сондағы құсбегілік туралы оқып қызықтым. Осымен мұнда алтыншы рет келіп отырмын. Жарыс ұнап жатыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Иә, жыл санап жарыстың ауқымы кеңейіп келеді. Ұйымдастырушылар қатысушылар саны да артқанын айтады.
Ардақ Төлендин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- 2025 жылы жеті облыстан келсе, биыл міне он облыстан насихаттап жатырмыз, әрі қарай дамып жатыр. Сосын шетелдік қатысушылар көбейіп жатыр. Осы шетелден келетін командаларға біз енді болашақта барлық жағдайларын жасап жатырмыз. Ертең біздің осы спорт түріміз басқа деңгейге шығып, осындай жарыстар бізде ғана емес шетелде өтетіндей мақсат жасап жатырмыз.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Дәстүрлі доданың жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған адамға жарты миллион теңге табысталды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный