Маңғыстау облысында бекірелердің жаппай қырылу себебі тексеріліп жатыр
Кейінгі екі тәулікте «Өмір глэмпинг» демалыс орнынан Песчаный мүйісіне дейінгі жағажайдан 173 бекіре тұқымдас балық табылды, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандардың мәлімдеуінше, өлекселер бір жерге шоғырланбай, 15 шақырымдық жағалау бойына шашылып қалған. Басым бөлігі күн астында ұзақ жатқандықтан, кеуіп қалған. «Балықтардан браконьерлік ау-тор іздері анықталған жоқ», – дейді жауаптылар.
Гүлмира Өтетілеуова, облыстық Балық инспекциясы басқармасының бас маманы:
– Комиссия құрамы құрылды. Каспий теңізінің суынан және балық өлекселерінің денелерінен жұмсақ жерінен сынама алынып, зерделеуге жіберілді. Қазіргі таңда басқарманың мемлекеттік инспекторлары мониторинг жұмыстарын жалғастыруда.