Шымкентте Қ. Тоқаев реформаларына арналған кітап таныстырылды
Шымкентте «Реформалар мәні: Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты жаңа кітап таныстырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына арналған ауқымды еңбектің авторы Мәулен Әшімбаев өңірдің зиялы қауымымен жүздесіп, елде жүзеге асып жатқан саяси-экономикалық өзгерістердің мән-маңызын талқылады, деп хабарлайды 24KZ.
Кітаптың таныстырылымына зиялы қауым өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Автор Президент бастамаларының тарихи маңызы мен ел болашағына тигізер ықпалы туралы пайымын ортаға салып, туындының негізгі идеясын тарқатты.
Мәулен Әшімбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері:
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыруға Сенатта жүргенімізде белсене қатыса жүріп, олардың мәні мен маңызына ерекше назар аудардым. Сондықтан осы тарихи процестен түйген ойымды оқырманға жеткізуді жөн көрдім.
Кітап жеті тараудан тұрады. Онда мемлекеттік басқаруды жаңғырту, саяси және экономикалық өзгерістер, өңірлік даму, ұлттық бірегейлік пен елдің халықаралық аренадағы орны жан-жақты қарастырылған. Жиынға қатысушылар бұл еңбектің қалың көпшілікке түсінікті тілмен жазылғанына назар аударды.
Бауыржан Әлтеев, қалалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
– Көп жыл бойы саяси және мемлекеттік қызметте еңбек еткен, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларына жақын болған азамат. Материал терең зерттеліп, жалпы халыққа түсінікті әрі қолжетімді тілде ұсынылып отыр.
Жиында сөз сөйлеген әдебиет зерттеушісі Құлбек Ергөбек еңбектің атауы мен ауқымына ерекше тоқталды.
Құлбек Ергөбек әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы:
– Автордың ауқымын, эпикалық тынысын және кітапта қарастырылатын мәселелердің күрделілігін бір-екі ауыз сөзінен-ақ аңғаруға болады.
Басқосуда елдің технологиялық әлеуетін нығайту және цифрлық дамудың жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері де талқыланды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жаһандық өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Автор: Нұрсұлтан Мұхамеджан