Петропавлда Тәуелсіздік тарихын дәріптеген конференция өтті
Петропавлда «Қазақстан Республикасы: тарихи таңдау, ұлттық мүдде және болашақ бағдар» атты конференция өтті. Жиында тәуелсіздік тарихын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды сақтау және жас ұрпақтың тарихи сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды «24KZ».
Мамандардың айтуынша, заманауи технологияларды сабақта қолдану оқушылардың тарихқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өңірде заманауи білім беру жүйесін дамытуға басымдық беріліп, үш жылдан бері «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба аясында ауылдардағы 39 шағын жинақты мектепте 80-ге жуық заманауи кабинет ашылды. Нәтижесінде Солтүстік-Қазақстандық оқушылар PISA халықаралық зерттеуінде бірінші орын иеленді.
Айнагүл Сұрағанова, СҚО Білім басқармасының басшысы:
– Соңғы жылдары білім сапасы тұрақты. Халықаралық деңгейдегі зерттеулерге қарағанда біздің оқушылардың білім сапасы республика төңірегінде үштікке кіріп жатыр. Бұл тұрақты динамика. Мұнымен тоқтап қалмай, келесі жылдары да біз осы білім сапасын арттыруға жаңа бір идеяларды енгіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Сәуле Кереева, еңбек ардагері:
- Балаларымыздың жан-жақты білім алуына өте жақсы мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Ұлы Абайдың «Балаң білімді, парасатты болсын десең, мал-мүлкіңді аяма» деген сөзі бар ғой. Сол айтқандай, мемлекетіміз де балалардың білім алуына инвестиция салып келеді. Жастарымыз шетелде оқып, гранттар иеленіп жатыр. Тіпті кішкентай балаларымыздың өзі сахнада өнер көрсетіп, өз қабілеттерін танытуда. Осының барлығы – қол жеткізген жетістіктеріміз. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында деп ойлаймын.