Қазақстанда волонтерлер саны 6 есе артып, 300 мыңнан асты

Фото: ЖИ

Қазақстанда волонтерлік қозғалыс соңғы жылдары айтарлықтай дамып, қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналды. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтер жылы жарияланса, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп белгіледі. Бұл бастама қазақстандық волонтерліктің халықаралық деңгейде дамуына жаңа мүмкіндік ашты, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны 2020 жылдан бері 3,5 еседен астам өсіп, 224-тен 810-ға жеткен. Белсенді волонтерлер саны алты есе артып, 300 мыңнан асты. Ал бастамашыл топтардың саны 3,5 мыңға жетті.

Қозғалысқа аға буын өкілдері де белсенді қатысып келеді. 2025 жылы күміс волонтерлердің саны 6 мың адамға жеткен. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп.

Қазақстанның волонтерлік саласындағы бастамалары халықаралық деңгейде де қолдау тапты. 2020 жылы Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясында Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды ұсынған. Қазақстан бірқатар мемлекетпен бірлесіп әзірлеген қарар 2023 жылдың желтоқсанында қабылданып, 2026 жыл Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды.

Волонтерлік қызметтің Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілуі де маңызды қадам болды. Бұл волонтерліктің жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, мемлекет мойындаған және қорғалатын конституциялық құндылық екенін айқындайды.

Қозғалыс ауқымы биыл да кеңейіп келеді. Министрлік дерегі бойынша, жыл басынан бергі  жартыжылдықта  түрлі жобалар мен бастамаларға 200 мыңнан астам волонтер қатысқан.

 Халықаралық ынтымақтастық аясында да  бірқатар маңызды іс-шара өтті. 20–21 тамызда Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің алғашқы форумы ұйымдастырылды. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдар мен қауымдастықтардың 300-ге жуық өкілі қатысты.

Сонымен қатар Ақтауда Каспий экожүйесін сақтауға арналған Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-қимыл апталығы өтті. Ал Балқашта 19–20 маусым күндері Халықаралық волонтерлер форумы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы өтіп жатыр. Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған шараға Қазақстанның он өңірінен және Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 100 волонтер қатысуда.

Елімізде волонтерлер әлеуметтік көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, медицина, білім беру, мәдениет және медиа салаларында жұмыс істейді. Сондай-ақ олар жануарларға қамқорлық жасауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және оның салдарын жоюға атсалысады.

Мемлекеттік қолдау да күшейтілуде. 2025–2026 жылдары волонтерлік жобаларға 120 шағын грант бөлу көзделген. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен волонтерлік қауымдастықтар жыл сайын қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған 50-ден астам жобаны жүзеге асырады.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында түрлі жобалар мен бастамаларға 200 мыңнан астам волонтер қатысқан.

Алдағы уақытта волонтерлік қозғалыстың инфрақұрылымын нығайту, азаматтық бастамаларды қолдау және еріктілердің еңбегін ынталандыру жұмыстары жалғасады. 2026 жылдың соңына дейін Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және Экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасын қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар волонтерлердің қоғамға қосқан үлесін бағалауға мүмкіндік беретін цифрлық паспорт енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Осылайша, Қазақстанда волонтерлік қозғалыс мемлекеттік қолдау мен азаматтардың белсенділігінің арқасында кеңейіп келеді. Ал Халықаралық волонтерлер жылы елдер арасындағы тәжірибе алмасуды жандандырып, ортақ әлеуметтік және экологиялық бастамаларды дамытуға жол ашуда.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: