«Әскери реформаны созуға болмайды»: Қазақстан армиясы қалай өзгеруі керек?

фото: ЖИ

Қазақстан әскери реформаны созбай, технологиялық тұрғыдан жаңартып, армияның жауынгерлік даярлығын күшейтуі керек. Әсіресе әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, сарбаздардың жеке даярлығын арттыру және бұрынғы әскери жүйені заман талабына бейімдеу маңызды. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Арман Ешмұратов 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Онда әскери реформа жоспарының жобасы қаралды. Президент қорғаныс саласын реформалау кезінде қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың маңызын атап өтті.

Сарапшының пікірінше, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның қарулы күштері кез келген жағдайға дайын болуы керек. Ол әскери жүйені жаңарту бұрыннан келе жатқан қажеттілік екенін айтып, қоғамдағы өзгерістерге сай қорғаныс жүйесін де қайта қарау керектігін жеткізді.

Қазіргі кезде геосаяси өзгерістерді көріп отырмыз. Сол себептен қарулы күштеріміз қашанда мықты болуы керек. Жауынгерлерді даярлау, олардың құқықтарын қорғау және жаңа технологияларға көшу мәселелері маңызды. Кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан әскери жүйе қазіргі заманға сай емес. Сондықтан қоғамның өзгеруіне қарай әскери жүйе де заман талабына бейімделуі керек, - деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Арман Ешмұратов.

Сұхбатта мерзімді әскери қызметті ұйымдастырудың жаңа моделі де сөз болды. Арман Ешмұратовтың айтуынша, қарастырылып отырған тәсіл бойынша, алғашқы алты айда жас жауынгер даярлықтан өтсе, келесі алты айда әскери бөлімде қызмет етеді. Алайда сарапшы әскери реформаны тек сарбазды оқытумен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, әскердің барлық буынындағы даярлық жүйесін жетілдіру қажет.

Жауынгердің жеке қабілетіне де басымдық берілуі керек. Қазіргі жағдайда сарбаз тек бөлімнің құрамында әрекет етіп қана қоймай, жеке тапсырманы орындап, қажет кезде өз бетінше шешім қабылдай алуы маңызды.

Қазіргі кезде жауынгер жеке тұлға болуы керек, шешім қабылдай алуы қажет. Ол жеке тапсырма алады. Біздің жауынгерлер осындай міндеттерді орындауға дайын болуы керек. Тек бөлім немесе взвод деңгейінде емес, жеке тапсырманы орындауға да даярлануымыз қажет, - деді Арман Ешмұратов.

Сарапшы әскери реформаның нәтижесін қысқа мерзімде көру маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, геосаяси жағдайдың қалай өзгеретінін алдын ала болжау қиын. Сондықтан армияның дайындығын күшейту мен технологиялық жаңаруды кейінге қалдыруға болмайды.

Әскери реформаны созуға болмайды. Геосаяси жағдайдың ертең қалай өзгеретінін білмейміз. Қандай жағдай болса да, дайын болуымыз керек. Технологиялық жағынан өзгерістерді әрі кеткенде бір-екі жылдың ішінде жүзеге асыру қажет. Мұны қазірден бастауымыз керек еді, - деп қорытындылады сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз: