Қазақстан аумағында 190 қар барысы бар
Қар барысы теңіз деңгейінен 2 000-6 000 метр биікте, құз жартасы тауларды мекендейді. Біздегі көп жүретін аймақтар – Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауы. Бұл жақтағы жыртқыштардың да 17-сіне спутниктік қарғыбау тағылған, деп хабарлайды 24KZ.
Қар барысын тауда көзге түспей, тас арасында байқатпай жүретін ерекше қасиетіне байланысты «тау елесі» деп те атайды. Ілбіс тау экожүйесіндегі табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Халықаралық табиғатты қорғау одағының мәліметінше, әлемде 3 мыңнан астам қар барысы бар. Қазақстанда бұл сирек жыртқыш Қызыл кітапқа енген. Зоология институтының дерегіне сәйкес еліміздегі қар барыстарының жалпы саны шамамен 190 бас. Ілбістің негізгі мекендейтін аумақтары – Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай және Алтай таулары. Алматы маңайында да бар.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
– Ерекше қорғалатын табиғи қорық осы жерден басталады. Қар барысы теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте таудың қарлы шыңдарын мекендейді. Іле-Алатауы аумағында 40-қа жуық қар барысы тіркелген. Олардың 25-і тұрақты түрде фототұзақтардан көрініп тұрады.
Іле-Алатауы ұлттық паркінде қар барысының популяциясы жыл бойы тұрақты бақылауда. Жануарларды тіркеп, олардың қозғалысы мен көбеюін қадағалау үшін 50-ден астам фототұзақ орнатылған. Табиғатты қорғау шараларын күшейту – жыртқыштың мекен ету ортасын сақтауға және қорек болатын жануарлар санын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Хамит Ахметов, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:
– Ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан, сонымен қатар қаскөйлікке қарсы күрес дұрыс жолға қойылғандықтан, осы паркте марал, елік және тағы басқа жабайы жануарлар қар барысының қорегі болып есептеледі. Олардың көбеюіне байланысты соңғы кезде қар барысы да Іле Алатауы ұлттық паркінде өзінің өскен деңгейін көрсетіп отыр.
2021 жылдан бері ғалымдар қар барысының санын бақылау үшін спутниктік телеметрия әдісін қолданып келеді. Бүгінге дейін 17 түз тағысына GPS-қарғыбауы тағылған.
Алексей Грачев, Зоология институты териология зертханасының меңгерушісі:
– Бұл зерттеу қар барысының мекен етуіне ең қолайлы аумақтарды анықтап, оларды қорғау үшін өте маңызды. Зерттеу нәтижелері ұлттық парктер мен қорықтардың аумағын кеңейтуге, сондай-ақ экологиялық дәліздер құруға мүмкіндік береді.
Ғалымдарды алаңдатып отырған мәселенің бірі – Солтүстік Тянь-Шаньдағы туризмнің дамуы. Соңғы уақытта қар барыстары туристер жүретін таулы соқпақтарда жиі кездесе бастаған. Спутниктік телеметрия деректеріне сүйенсек, еркек қар барыстарының бірі Аюсай шатқалын мекендейді. Ол визит-орталықтан небәрі екі шақырым жерде жүр. Жыл басында дәл осы маңда жемтігін бірнеше күн азық қылған жыртқышты қала тұрғындары байқап, суретке түсірген болатын. Бір ай бұрын сол қар барысы ма, әлде басқасы ма тағы да алматылықтардың көзіне түскен еді. «Бұл жағдай туризмді дамыту кезінде табиғи тепе-теңдікті сақтаудың маңызын көрсетеді», – дейді мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон