БҚО-да Мәдениет үйі пайдалануға берілді
Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Қабыршақты ауылында Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Енді жаңа нысанда аядай ауылдағы мәдени шараларды өткізуге және жастардың шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік бар. Мәдениет ошағының құрылысына бюджеттен 376 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.
Ақжайық ауданына қарасты Қабыршақты ауылында 900-дей тұрғын бар. Елді мекендегі ескі мәдениет ошағы 65 жыл бұрын салынған. Уақыт тезіне төтеп бере алмай, апатты деп танылған нысанның орнына биыл жаңасы бой көтерді. 300 орындық Мәдениет үйі енді ауылдағы мыңға жуық тұрғынның рухани қажеттілігін өтеп, маңызды шараларды өткізуге мүмкіндік бермек. Ғимарат заманауи жабдықтармен, сахна құралдарымен қамтылған.
Фарида Хасанова, Қабыршақты ауылдық Мәдениет үйінің жетекшісі:
– Қазіргі таңда мәдениет үйінде 6 үйірме жұмыс жасайды. 6 үйірменің 70 қатысушысы бар. Оның ішінде 18-і балалар, қалғандары үлкендер. Әжелер, келіндер ансамбльдері бар, хор үйірмесі, балалардан құралған би үйірмесі бар.
Қабыршақты мәдениет үйі өңірде 2023 жылдан бері салынған 17-ші мәдениет нысаны. Құрылысты «АлТим» компаниясы уақтылы әрі сапалы жүргізіпті. Ауыл тұрғындарын осы айтулы оқиғамен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қала мен ауыл арасындағы әлеуметтік инфрақұрылым алшақтығын азайту Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін атап өтті. Облыс әкімінің атынан өнерпаздар ұжымына ұлттық аспаптар тарту етілді. Игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға ауыл тұрғындарының да ризашылығы шексіз.
Жұпар Өтешова, Қабыршақты ауылының тұрғыны:
– Біз де қуанып жатырмыз. Жастар үшін өте жақсы бастама бұл. Бұрын ескі Мәдениет үйінде болдық. Ол да жаман емес. Десе де жаңаның аты жаңа ғой. Ауланың іші де күшті. Тамаша!
Ақжайық ауданында соңғы жылдары 3 ауылда Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, екеуі жаңадан салынды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап.