Болат Керімбек: Әскери реформаны мектептегі даярлық жүйесін жаңартудан бастау керек

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстанда әскери реформамен қатар болашақ сарбаздарды даярлау жүйесін де жаңарту қажет. Бұл ретте мектептердегі алғашқы әскери дайындықты күшейтіп, әскери білім беру бағдарламаларын заман талабына бейімдеу маңызды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, қорғаныс саласының сарапшысы Болат Керімбек айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінде көтерген бастамалары қазіргі геосаяси жағдайға сай келеді. Әскери сала үнемі жетілдіруді қажет етеді. Әсіресе заманауи технологияларды меңгеру, әскери мамандардың біліктілігін арттыру және әскерді басқару жүйесін жетілдіру негізгі міндеттердің бірі болуы керек.

Әлемдегі жағдай әскери әлеуетімізді күшейтіп, озық технологияларды толық меңгеру қажеттігін көрсетіп отыр. Офицерлер мен әскери құрамды даярлаудың қалыптасқан жүйесі бар, алайда оны жаңартып, жаңа дағдыларды игеруіміз керек. Мәселен, Түркияның тәжірибесін зерделеуге болады. Бұл ел НАТО стандарттарын қолданады. Офицерлерімізді сонда оқытып, озық әдіс-тәсілдерді елімізге енгізу орынды болар еді, – деді сарапшы.

Әскерді цифрландыру және басқару жүйесін жетілдіру маңызды

Болат Керімбек қазіргі қақтығыстарда ұшқышсыз ұшу аппараттары, цифрлық басқару құралдары мен киберқауіпсіздік технологияларының рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Сондықтан әскери қызметшілерді даярлау барысында осы бағыттарға ерекше мән беру қажет.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұған дейін елдің барлық саласында цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың маңызын атап өткен. Бұл міндеттер қорғаныс және қауіпсіздік саласына да қатысты. Дегенмен жаңа технологияларды енгізумен қатар, оларды тиімді пайдалана алатын мамандар даярлау қажет.

Болат Керімбек Қауіпсіздік кеңесінің жұмысында да құрылымдық өзгерістер мен жауапкершілікті нақтылау мәселелері қаралғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер аясында әр органның құзыреті мен міндеттері айқындалуы маңызды.

Алғашқы әскери дайындықты мектептен бастау қажет

Сарапшы жастарды Отан қорғауға даярлау жұмысын мектеп қабырғасынан бастауды ұсынды. Оның айтуынша, бұрынғы жүйеде жоғары сынып оқушылары әскери дайындықтан өтіп, далалық жаттығуларға, атыс даярлығына және әскери-патриоттық жарыстарға қатысатын. Кейін бұл тәжірибе әлсіреген.

Жастарды мектеп қабырғасынан бастап әскерге, Отан қорғауға дайындауымыз керек. Бұрын оқушылар далалық жаттығуларға қатысып, әскери дайындықтан өтетін. Ал қазір осы дәстүрлердің бір бөлігі қолданыстан шығып қалды. Егер жасөспірімдерге ел алдындағы парызын мектептен бастап түсіндірмесек, олардың әскери қызметке деген көзқарасы да тиісті деңгейде қалыптаспайды, – деді Болат Керімбек.

Ол алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігіне де назар аударды. Болат Бақбергенұлы келтірген мәліметіне сәйкес, бұрын жүргізілген талдау кезінде әскери тәжірибесі жоқ мамандардың да осы пәнді оқытқаны анықталған. Сондықтан ұстаздарды даярлау мен олардың кәсіби деңгейін арттыруға басымдық беру қажет.

Әскери кафедралар мен оқу бағдарламаларын да жетілдіру керек

Болат Керімбектің пікірінше, әскери реформа мектептермен ғана шектелмеуі тиіс. Жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың бағдарламаларын, әскери оқу орындарындағы даярлық жүйесін және әскери бөлімдердегі тәртіп талаптарын да қайта қарау маңызды.

Сарапшы кейбір жастар арасында әскери кафедраны аяқтағаннан кейін әскери міндетті орындаудың қажеті жоқ деген жаңсақ түсінік қалыптасқанын атап өтті. Оның сөзінше, әскери білім беру жүйесі азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге дайын болуына бағытталуы керек.

Сұхбат соңында Болат Бақбергенұлы жас сарбаздарға қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқуға кеңес берді. Оның айтуынша, туындыда ұлттық құндылықтар, отбасылық тәрбие, жауапкершілік пен отансүйгіштік мәселелері кеңінен қамтылған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: