Алматы облысының үздіктері марапатталды

Республика күні қарсаңында Алматы облысында ел дамуына елеулі үлес қосқан 33 азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың қатарында өнер майталмандары, еңбек ардагерлері мен түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген мамандар бар.

Алматы облысында Республика күні кең көлемде аталып өтті. Қонаев қалалық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға өңір тұрғындары мен қоғам өміріне белсене араласып жүрген азаматтар қатысты. Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының лебізін жеткізді.

Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі:

– Елдігіміздің алтын діңгегі болған осы қасиетті күннің маңызын ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күнін атап өту дәстүрін қайта жаңғыртты, ұлттық мереке мәртебесін берді. Осынау Ұлы көште Алматы облысының да өзіндік үлесі бар. Өңіріміздің әлеуеті артып, экономиканы дамыту бағытында толайым нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.

Мерекелік шара барысында өңірдің дамуына еңбек сіңірген 33 азаматқа мемлекеттік марапаттар табысталды. Олардың ішінде өнер майталмандары, өңірдің дамуына үлесін қосқан кәсіпкерлер мен жұмысшы мамандық иелері бар.

Ұлжан Айнақұлова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

– Негізінде қай салада болмасын еңбектің бағаланғаны дұрыс. Оның үстіне мемлекет бағаласа, ол мың есе дұрыс деп ойлаймын. Енді біз қазір зейнеткерміз, зейнеткер болсақ та еңбек етіп жүрміз. Осы сахнаның төрінде 50 жылға жуық елдің, халықтың батасымен еңбек етіп жатырмыз. Елімізге, жұртымызға, халқымызға үлкен алғысым шексіз.

Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Қонақтар қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.

Авторлары: Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов

Сондай-ақ оқыңыз: