«Маңғыстау» теміржол вокзалы жаңғыртудан кейін қайта ашылды
Маңғыстау облысында ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалы қайта ашылды. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы бұрынғыдан 11 есе үлкен, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір нысан тәулігіне 2 500 жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал жолаушылар ағыны артқан кезеңде бұл көрсеткіш 4 мыңға дейін жетеді.
Ескі ғимараттың аумағы 764 шаршы метр болса, жаңа вокзалдың ауданы – 9 мың шаршы метр. Үш қабатты кешенде күту залдары, билет кассалары, лифтілер, эскалаторлар мен жылжымалы жолдар қарастырылған. Сондай-ақ ана мен бала бөлмесі жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
– Бұл неше жылдар бойы сұранып тұрған вокзал еді. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. Үкіметке рақмет. Ішінде заманауи жабдықтармен жасақталған. Мұның әлде де жалғасы болады. Үшінші жолға шығып кететін жағы енді екінші кезеңіне кіреді.
Ғимарат сәулеті жоғары технологиялық high-tech стилінде. Қасбетінде Каспий теңізінің толқындары бейнеленген. Вокзал маңында 160 көлікке арналған автотұрақ бар. Аумағы абаттандырылып, қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.
Қарақат Жақанов, «ҚТЖ» ҰК АҚ Маңғыстау желісі бөлімшесінің директоры:
– Бізге қаншама туристер келеді. Әр өңірге келгенде бірінші көрінетін ол не? Ол – вокзал. Сол себептен мұндай вокзал Қазақстанда санаулы деп айтамын, соның ішінде осы Маңғыстау еншісіне бұйырып, бізге бұйырып жатыр. Вокзал құтты болсын деймін. Халыққа қызмет көрсетуге әр уақытта біз дайынбыз.
Қазір станция арқылы ішкі және халықаралық 8 бағытқа қатынайтын 16 жолаушылар пойызы өтеді. Заманауи талаптарға сай жаңарған нысан жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Саламат Бекбаев