Ақтөбеде жетістікке жеткен жандарға мемлекеттік наградалар табысталды
Республика күні қарсаңында Ақтөбеде түрлі салада жетістікке жеткен жандарға мемлекеттік награда табысталды. Президент Жарлығымен ақтөбеліктер «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Егемен ел тарихының бастауы болған мерекеге орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Мәдениет сарайындағы салтанатты кешке өз саласының майталмандары жиналды. Ширек ғасырдан астам шәкірт тәрбиелеген ұстаздар да, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген әнші-жыршылар да бар. Сондай-ақ қоғамдық қызмет, өнеркәсіп, мәдениет және ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген тұлғалар келді. Мәселен, қалалық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев денсаулық сақтау саласында 40 жылдан бері қызмет етеді.
Азамат Тұрышев, №1 қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Қазір өзгерістер өте көп. Мен өзім медицина саласында 44 жыл жасаймын. Аудандарда, облыстарда, шетелде де жасадым. Бірақ салыстырсақ, қазір өзгерістер өте керемет, жақсы, көп. Медицина дамып жатыр. Еліміз өрлей берсін. Гүлдене берсін. Әрі қарай да еліміздің дамуына куә болып жүре берейік.
Мемлекет басшысының атынан жоғары марапаттарды облыс әкімі Асхат Шахаров табыстады. Өңір басшысы еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтып, Республика күнінің ел тарихындағы айрықша маңызына тоқталды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
– Бүгін міне, бірқатар ақтөбеліктер марапатқа қол жеткізді. Марапат Мемлекет Басшысы өзінің Жарлығымен шығарды. Соған байланысты біз, әрине, олар үшін қуаныштымыз. Олар да басқаларға үлгі. Әртүрлі сала бойынша мамандар өз марапатын алды. Ақтөбеліктер үлгі алып, әрі қарай да елдің дамуына, басқа да, елдің дамуына өз үлесін қосады деп сенімім мол.
Салтанатты жиында ерен еңбегімен елге үлгі болған 27 ақтөбелік марапатталды. Іс-шара еліміздің дербестігін айқындаған тарихи декларация қабылданған күнге арналған мерекелік концертке ұласты.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков