Атырауда республикалық «Махамбет оқулары» өтті
Атырауда өр рухты ақын, дәулескер күйші, баһадүр батыр Махамбет Өтемісұлының шығармашылығын насихаттауға арналған республикалық «Махамбет оқулары» өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 98 оқушы қатысты. Үздік деп танылған өрендерге қаржылай сыйлық пен оқу гранттары табысталды.
Республикалық байқау бес бағыт бойынша өтті. Көркемсөз оқу шеберлері Махамбет өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Суретшілер ақын шығармашылығын қылқалам тілінде сөйлетсе, күйшілерге Махамбеттің 5 күйін орындау тапсырылды. Жас ақындар батырға арналған өлеңдерін паш етіп, жас ғалымдар ғылыми жобасын қорғады.
Милана Серік, байқау жеңімпазы:
– Мен «Нарында» номинациясына қатыстым. Махамбет оқуларын ұзақ уақыт бойы оқып, осы конкурсқа ұзақ дайындалдым. Өзімнің еңбегімді ақтадым деп санаймын.
Әлихан Атығай, байқау жеңімпазы:
– Бүгінгі байқауда мен «Шашақты найза, шалқар күй» бағыты бойынша өз бағымды сынадым. Бұл байқауда мен Махамбет Өтемісұлының күйін орындадым.
Байқау биыл төртінші рет өткізіліп отыр. «Махамбет Өтемісұлының шығармаларын насихаттап, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен қайсарлықты дәріптеуде мұндай іс-шаралардың маңызы зор», – дейді ұйымдастырушылар.
Мақаш Ильясов, Таланттарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары:
– Бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 98 оқушы қатысып отыр. Олар бес бағыт бойынша өз бақтарын сынады. Бүгін осы оқушылардан ерекше өнер көрсеткен оқушыға Махамбет атындағы «Дауылпаз» ордені табысталды.
Екі күнге созылған додада жүзден жүйрік шыққан оқушылар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ бірінші орын иегерлеріне Халел Досмұхамедов атындағы университеттің оқу гранттары табысталды. Байқау аясында әр облыстан келген оқушылар Атыраудың тарихи орындарын аралап, өңірдің мәдени мұрасымен де танысты.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов