Алматыда әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту мәселелері талқыланды
Әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, оңалту жүйесін жетілдіру және салаға заманауи технологияларды енгізу. Бұл мәселелер бүгін Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға өзек болды, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандар бұлшықет арқылы басқарылатын ақылды протездердің жұмыс істеу принципін талдады. Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған заманауи технологиялар мен оңалту әдістерін таныстырды. Еліміздегі әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы қазір 6 жобаны апробациядан өткізуде. Оның бірі ерекше күтімді қажет ететін балаларға инновациялық оңалту техникалық құралдарын беру. Бұл бастама еліміздің 5 аймағында іске асырылуда.
Сырым Нәси, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының бас директоры:
– Арнаулы әлеуметтік қызметтерді жетілдіру аясында Солтүстік Қазақстан облысында осы арнаулы әлеуметтік қызметтерді берудің гибридтік моделі іске қосылып жатыр. Бұл үй жағдайындағы балаларға тек әлеуметтік қызметкер ғана емес, сонымен қатар профильді мамандар да қосылып, тиісті біздің мобильдік қосымшамыз арқылы іске асырылады.