Атырауда ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды
Атырауда Республика күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды 24KZ.
Облыс әкімі Болат Ақшолақов өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының лебізін жеткізді. Әр саланың майталмандарын марапаттады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, өндіріс пен энергетика саласының мамандары, ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.
Еңбегі еленген азаматтарға «Барыс», «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары салтанатты түрде табысталды. Бұл – елдің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген жандарға көрсетілген құрмет.
Бақытбек Сартбаев, Н. Жантөрин атындағы облыстық филармония директоры:
– Еліміздің барлық өңірлерінде үлкен дәрежеде, жоғары дәрежеде тойланып жатыр. Бүгін де Атырау облысында еліміздің экономикалық, мәдени өмірінде, жалпы Қазақстанның дамуына үлес қосқан көптеген азаматтар марапатқа ие болып жатыр. Мәдениет саласының қызметкерлері де осы шараға атсалысып, бүгінгі таңда осы 200-ден аса өнерпаздар өнер көрсетуде.
Марапатқа ие болғандардың қатарында Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин де бар. Өзекті мәселелерді көтеріп, ойлы оқырмандарын қуантып жүрген тілшіге «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. «Бұл – бір адамға ғана емес, өңір журналистикасын өркендетіп жүрген барша ұжымға көрсетілген құрмет», – дейді марапат иесі.
Жанай Амантурлин, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
– Барлық сала қызметкерлері де аяғынан тік тұрып, осы Тәуелсіздіктің уығын тік ұстауға атсалысты. Соның ішінде, әрине, бұқаралық ақпарат құралдары да бар. Міне, сол жылдардан бері еліміз еңсе тіктеп, бүгін осындай еңселі елге келіп жатырмыз. Егіншілер де, әншілер де, барлығы да осы жерде марапат алып жатыр. Баршасын марапаттарымен құттықтаймын.
Салтанатты іс-шара өңір өнерпаздарының концертіне ұласты. Сонымен қатар Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева мен Расул Жармағамбетов өнер көрсетіп, жиынға қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов