Шымкентте бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды

Шымкентте Республика күні қарсаңында бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды 24KZ.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан жандарды марапаттап, құрмет көрсетті. Жиында олардың еңбегі мен жетістігі үлгі етіліп, Шымкент ұлттық мерекеге зор жетістікпен жеткені сөз болды.

Мерекелік іс-шарада мемлекеттік ту салтанатты түрде сахнаға шығарылды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен әнұран орындалып, көпшілік көк байраққа тағзым етті. Жиында сөз алған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шолу жасады.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

– Шымкент қаласы экономикалық қуатымен, мәдениетімен және инновациялық әлеуметімен қарқынды өсіп келеді. Еліміз еңселі, елдігіміз баянды болсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін!

Ел дамуына елеулі үлес қосқан 40 азамат «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Кәсіби шеберлігімен көзге түскен дәрігер, педагогтар, құрылысшылар мен қоғамдық көлік жүргізушілері және тазалық қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Әлия Арыстанбекова, «Қолдау» балалар орталығының» санитары:

– Бұл марапатты шынымды айтсам, өзім күтпедім. Қатты қобалжып тұрмын. Еңбек еш уақытта елеусіз қалмайды екен. Жақсы көріп істеген жұмысың еш уақытта да ауырлық әкелмейді.

Марат Құрманов, «Тұран құрылыс» ЖШС инженер сарапшысы:

– Салынған нысандарға біздің қызметіміз өте зор. Халық игілігіне тапсырылғаннан кейін халыққа ұзағырақ жұмыс істесе, халық соны игілігіне пайдаланса екен деп ойлаймыз.

Іс-шараның негізгі бөлімінде «Бүгінгі Қазақстан» атты мультиформатты музыкалық-театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Сахнада бір отбасының тағдыры арқылы тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдық тарихы баяндалады.

Республика күніне арналған іс-шаралар легі 24-25 қазан күндері де жалғасады. Орталық алаңда өнерпаздар мен эстрада әншілерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов

Сондай-ақ оқыңыз: