Түркістанда халықаралық «Turkistan Marathon-2026» жүгіру жарысы басталды. LIVE
Биыл бесінші рет Түркістан облысы және қала әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен және еліміздің әр аймағынан келген 3 мың желаяқ қатысады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жандос Жұмабек, тілші:
– Қазақ елі, Мереке құтты болсын! Біз қазір сөре мен мәре орналасқан Karavan Saray туристік кешені маңында тұрмыз. Бүгінгі марафонға қатысушылар 3 шақырымнан бастап 42 шақырымға дейінгі қашықтықтықты еңсерді. Жалпы жарыс бес қашықтықтан тұрады. Негізгі марафон – 42 шақырым, жартылай марафон – 21, одан кейін желаяқтар 10 шақырымға жүгіреді және дәл осы қашықтықты скандинавиялық жүріспен бағындырады. Ал 10 мен 14 жас аралығындағы балалар 3 шақырымға жарысады. Биыл бесінші рет өткізіліп жатқан халықаралық марафонның шымылдығын 3 шақырымға жүгірген балалар ашып берді. Шымкенттен келген 12 жасар Әмір Сержанұлы бұл межені 12 минут 30 секундта еңсеріп, мәре сызығын бесінші болып кесті.
- Биылғы дәстүрлі марафонға 3 мыңнан аса әуесқой және кәсіби спортшы қатысып жатыр. Олар Бекзат Саттарханов даңғылы бойымен әуежайға дейін жүгіріп барып, кері қайтады. Мамандар әртүрлі жас пен мамандық иелерін бір ғана мақсат – спортқа деген құмарлық біріктіретінін айтады.
«Tүркістан марафоны» спорт пен туризмді қатар ұштастыруда. Қазір қаладағы 3 мың орындық, жүзге жуық қонақ үйдің бәрі бос емес. Марафоншылар 3 күннен бері Түркістанның тарихымен, бай мәдениетімен танысып, қаланың көрікті жерлерін аралауда. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, зиярат жасауда. Қаладағы кәдесый сататын дүкендердің де саудасын қыздырып жатыр. Мамандар мұндай ірі шаралар туризм мен қонақ үй бизнесінің дамуына ықпалы көп екенін айтады. Марафоншылар өткен жылы жергілікті кәсіпкерлерге 1,6 млрд теңге пайда түсірген. Ал марафонның басты мақсаты – адамдарды спорттың айналасына біріктіріп, салауатты өмір салтын насихаттау. Ал қала үшін туризм мен жергілікті бизнесті дамытуға қосымша мүмкіндік.