Атырауда айрықша жәрмеңке өтіп жатыр

Атырауда Республика күніне орай ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Өңірдегі шаруалар, кәсіпкерлер өз өнімін қала тұрғындарына арзан бағада ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Бұдан бөлек, барлық сауда орындарында «Republik Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтіп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Мұнайшы стадионының алдында қазір сауда қызып жатыр. Мұнда 60-қа тарта кәсіпкер мен саяжай иелері өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынуда. Сөрелерден ет және сүт өнімдерін, көкөніс пен жеміс-жидекті және күнделікті тұтынуға қажетті басқа да азық-түлікті кездестіруге болады. Өнімдер нарықтағы бағадан төмен сатылуда. Кеше 60 тонна өнім халыққа ұсынылған. Бүгін 20 тоннаға жуық өнім сатылады деп жоспарланып отыр.

Мұндай жәрмеңкелердің маңызы зор. Өйткені халыққа сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынылып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетіледі. Мерекелік жәрмеңке мұнымен ғана шектелмейді. Бүгінде қаладағы барлық сауда орындарында Республика күніне орай «Republik Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары да ұйымдастырылып жатыр. Олардың аясында тұрғындарға түрлі тауарлар мен азық-түлік өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берілген. Жалпы 17 қазаннан бүгінге дейін 204 мыңнан аса тұрғын қамтылған.

Ғалия Дүйсенова, қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

– Жәрмеңкеде сиыр еті 3200-3700 теңгеден сатылуда. Жылқы еті 3300-3800 теңгеден, жұмыртқа С0-71 теңгеден, С1-66 теңгеден, С3-28 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар өңірімізде Республика күніне орай «Republik Day», «Bereke Fest» акциялары өтуде. Жеңілдіктер 5 және 70 пайыз аралығында болуда.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Республика күні қарсаңындағы мұндай жәрмеңке, республикалық акциялар – мерекелік көңіл-күймен қатар жергілікті өнімді қолдауға және халыққа қолайлы баға ұсынуға бағытталған жақсы бастамалардың бірі. Республика күніне орай ұйымдастырылған «Republik Day» акциясына еліміз бойынша 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда үйі қосылса, Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысуда. Акциялар 27 қазанға дейін жалғасады. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов

Сондай-ақ оқыңыз: