Петропавлда 280 орындық жаңа балабақша ашылды

Республика күні Петропавл қаласының «Орталық» шағын ауданында жаңа балабақша ашылды. 2 қабатты нысан 280 балаға арналған. Жалпы өңірде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 97,5 пайызға жетті, деп хабарлайды 24KZ.

Аснурия Абдулла, тілші:

– Мен дәл қазір Орталық шағын ауданында тұрмын. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Себебі мұнда 280 орындық жаңа балабақша ашылды. Екі қабатты нысанның құрылысы биыл мамырда басталған. 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Балабақшада бүлдіршіндердің тәрбиесі мен жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған.

Құралай Қалиева, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Балабақша өте әдемі, көрікті. Ауласы да кең. Бастысы, жақсы көңіл-күй сыйлайтын реңкте барлығы боялған және балама келе сала ұнады. «Бұл менің жаңа балабақшам» деп қуанып айтып жатыр.

Қазірдің өзінде құжаттар қабылданып жатыр. Енді ата-аналар балаларын алыстағы мекемелерге тасымалдамай, осы балабақшаға әкеледі.

Мәдина Сәбитова, «Алпамыс» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі:

– «Алпамыс» балабақшада 28 педагог істейді. Бізде логопед, психолог ерекше балалармен жұмыс істейді. Музыкалық жетекшісі, дене шынықтыру нұсқаушысы да бар. Тағы хореограф болады.

Айнагүл Сұрағанова, СҚО Білім басқармасының басшысы:

– Соңғы үш жылда заманауи талаптарға сай төртінші балабақша іске қосылғалы жатыр. Жалпы типтік түрдегі балабақшалардың саны – 77. Соның ішінде қалалық жерде 66 балабақшамыз бар. Бұл балабақшаларда 3 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

Аснурия Абдулла, тілші:

– Айталық, соңғы жеті жылда елімізде 1483 балабақша ашылды. Оның 345-і – мемлекеттік мекеме. 2024 жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Жүйе аясында балаларға млн-нан астам ваучер берілген. Соның нәтижесінде балабақша кезегі 160 мыңнан 22 мың балаға дейін қысқарды. Ал өңірімізде балалардың 97,5 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Келесі мақсат – осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу. 

Авторлары: Аснурия Абдулла, Төлеген Иманов

Сондай-ақ оқыңыз: