Алматы облысы Төле би ауылының тұрғындары алкогольдік өнімдерден бас тартты
Алматы облысындағы Төле би ауылының тұрғындары алкоголь өнімдерінен бас тартты.
Олар «Алкогольсіз ауыл» бастамасын бір ауыздан қолдады. Бүгінде облыстың 24 елді мекені аталған жобаға қосылды. Ауыл дүкендерінде ішімдік сатылмайды. Полицияның мәліметінше, 9 ауылда соңғы үш жылда мүлде қылмыс тіркелмеген.
Жаз маусымында Төле би ауылына туристер көп келеді. Руфина Хамзаеваның дүкені тауға апаратын жолдың бойында тұр. Азық-түлік алуға келгендер сөрелерден алкоголь іздемейді. Үш жыл бұрын Төле би ауылының тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан толықтай бас тарту туралы шешім қабылдаған. Жергілікті кәсіпкерлер де бұл бастаманы қолдады.
Руфина Хамзаева, Төле би ауылының тұрғыны:
- Тоғыз жыл болды мен осы магазинде жұмыс істеймін, бұрын да болмаған, қазір де жоқ спиртті ішімдік. Мен өте қуаныштымын, жалпы біздің ауыл өте-өте тыныш ауыл. Осы ауылда тұратыныма тіпті өте-өте қуаныштымын, барлық адамдар сыпайы. Жазда тауға көп-көп турист келеді, бізде спирт ішімдік жоқ екенін әлдеқашан біледі.
Амангелді Сахиев, Төле би ауылының тұрғыны:
- Сол көріп енді үлгілі ауыл болғымыз келді, ішетін де адам жоқ қой қазір былай қарасаңыз. Ауылымызда маскүнем көрмейсіз, мына магазиндерімізде де мына жерде 7 магазин бар, ауылымызда темекі де сатылмайды.
Алкоголь сатудан бас тарту туралы шешім жалпы жиналыста қабылданды. Талқылауға әкімдік, полиция өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Ауыл халқының сөзінше, спирттік ішімдік сатылымнан алынғаннан кейін елді мекендегі қоғамдық тәртіп жақсарған. Мұны полиция да растайды.
Біржан Бекзат, Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары:
- Төле би ауылында 1500-ге жуық халық саны бар. Одан бөлек үш жылдан бері алкогольсіз мәртебеге ие болғалы бері ауылда қылмыс тіркелмеген. Бұдан бөлек бізде Қырбалтабай ауылымыз бар, алкогольсіз мәртебеге ие болған. Алмалы ауылы алкогольсіз мәртебеге ие болды.
Алматы облысы бойынша 24 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан. Полиция департаменті профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, бастамаға өзге де елді мекендердің тұрғындарын тартуды көздеп отыр. «Дегенмен, мұндай жобалардың жүзеге асуы, алдымен, ауыл тұрғындарының қабылданған шешімдерді қолдауға қаншалықты дайын екеніне байланысты», - дейді тәртіп сақшылары.
Авторлары Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай