Алматыда Республика күні мерекесі Мемлекеттік туды көтеруден басталды
Алматыда Республика күні мерекесі қалыптасқан дәстүр бойынша Мемлекеттік туды көтеруден басталды.
Еліміздің мақтанышы, Алматының төлқұжаты Медеу шатқалында көк туымыз желбіреді. Бұдан өзге мегаполисте патриоттық іс-шаралар, мәдени фестивальдар, спорттық ойындар мен экологиялық сенбіліктер өтті.
Республика күні Алматыда Мемлекеттік ту көтерілді. Патриоттық іс-шара тау баурайындағы «Медеу» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Көк байрағымыз теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте желбіреді. Тудың ені мен ұзындығы 7 де 14 метр. Ал тұғырының биіктігі 40 метр. Ту көтеру рәсімінде дәстүрлі түрде әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік гимн ойнады.
Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның іргесі қаланған қастерлі мекен. Бәріміз үшін бұл шаһардың орыны бөлек.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- Тәуелсіздік тарихында Алматының орыны ерекше. Себебі дәл осы қалада егемендік туралы декларация қабылданып, Тәуелсіздіктің қазығы қағылды. Сондықтан да «Алматы – Тәуелсіздік бесігі» аталып кетті.
Яғни осы жерде, 1990 жылы 25 қазанда азаттықтың алғашқы қарлығашы «Егемендік туралы декларация» қабылданды. «Бастапқыда бұл заң бола ма, басқа құқықтық акт бола ма, әлде декларация бола ма деген сауал туындаған. Жұмыс тобы жан-жақты талқылап, декларация ұғымына тоқталған. Сол декларация өзге халықтармен тереземіз тең ел екендігін білдіретін тарихи құжатқа айналды. Тәуелсіз мемлекетке тән өзгерістер осылай басталып еді.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Осы Алматыда небір жақсылықтар, барлық тарихи оқиғалар біздің Алматыда өтті бұған дейін. Сондықтан да Алматыда өтіп жатқан мерекеге бүкіл Қазақстан қарап отыр. Медеуде біз жыл сайын туымызды көтереміз осы күні. Бұл егемендігіміздің, асқақтығымыздың, еліміздің көркейгенінің ең бірінші белгісі деп есептейміз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан экономика, ғылым мен білім, денсаулық сақтау, мәдениет және дипломатия саласында нық қадаммен алға басты. Бүгінде еліміздің халықаралық аренада беделді орыны бар. Ал мұндай шаралар әсіресе жастарды Отанын сүюге, туған жерді құрметтеуге шақырады.
Әзиз Қажденбек, Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Біріншіден, халқымыздың бірлігін, екіншіден, жастарымыздың үлкендердің ұрпақ сабақтастығын және патриоттық рухты көтеретін іс-шара болып табылады. Бүгін бізде мың жарымнан астам жас бас қосып, Алматы қаласының зиялы қауымы, қала басшылығы, бәрі осы жерде жиналып отыр. Бұл іс-шараның басты маңыздылығы егемендігіміз - елдігіміздің тірегі, соны ұмытпай қадірлеп, қастерлеп туымызды көтеріп жүруге арналған.
Алматы Республика күні мерекелік көңіл-күйге бөленді. Бұдан өзге де бағдарламалар реті жетерлік. Алматы әуежайында жолаушылар мен жақындарын күтіп алуға немесе шығарып салуға келген жұртшылыққа "Қазақстан" шоколады таратылды. Оған қоса «Оқитын ұлт – озық ұлт» акциясы мен қуыршақ театры фестивалі өтіп жатыр. Сонымен қатар концерт, спорттық шаралар мен экологиялық сенбіліктер өтті.
Авторлары Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев