Шымкентте Мемлекеттік ту ең биік тұғырға көтерілді
Шымкентте ұлттық мерекеге орай Мемлекеттік ту ең биік тұғырға салтанатты жағдайда көтерілді.
Басты алаңда ел рәміздеріне құрмет көрсетіліп, егемендіктің мән-маңызын айшықтайтын патриоттық әндер шырқалды. Жиынға қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Салтанатты ту көтеру рәсімінде мемлекеттік рәміздерге тағзым етілді. Оркестрдің сүйемелдеуімен Әнұран орындалып, қастерлі нышандарға құрмет көрсетілді. Шараға қатысушылар Шымкент қаласы ұлттық мерекеге зор жетістікпен жеткенін сөз етті.
Бұхарбай Парманов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы:
- Дүйім жұрт осында келіп, мына көк тудың желбірегінін көріп, барлығы қуанып отыр. Жетістігіміз өте үлкен деп айтуымызға болады. Мына жердің барлығына зәулім үйлер тұрғызылып жатыр. Сарайлар салынып жатыр. Жастар келіп осы қалада өз еңбегін етіп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Ту алған белсенді топ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге көңіл бөлді. Апта бойына бірлік пен татулық, отанға деген сүйіспеншілік насихатталды. Жастардың ерекше бастамалары өзгелерге үлгі болып, көпшіліктің қолдауына ие болды.
Рамазан Тұрғанбек, М. Әуезов атындағы зерттеу университетінің студенттік ректоры:
- Біз осы іс-шараның маңызын білдіру үшін 9/16 масштабында туды көтергізіп, флешмоб арқылы челлендж жолдаған болатынбыз. Ондағы мақсат - жастарды отансүйгіштікке шақыру.
Ел мерейін асырған мерекелік іс-шараға жүздеген адам қатысты. Қала тұрғындарымен қатар, қоғам белсенділері, азаматтық ұйым өкілдері мен құзырлы органдардың басшылары бой көрсетті. Жиында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этностар тілге деген құрметі туралы ой бөлісті.
Ангелина Меньшикова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Республика күні және қазақ тілі бірге келеді. Себебі мен осы тілді құрметтеймін. Балабақшаға барып, 8 айдың ішінде қазақ тілін меңгергенмін. Осы мемлекетте үлкен жетістіктерге жол ашты.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздар егемендіктің мән-маңызын айшықтайтын патриоттық әндер шырқады.
Авторлары Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов