Түркістан облысында 1 млрд теңгеге жуық субсидияны жымқыру деректері анықталды
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына бөлінген 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқыру деректері анықталды. Прокуратура тексерісі барысында шаруа қожалықтарының өндірілген сүт көлемін жалған құжаттар арқылы бірнеше есе асырып көрсеткені белгілі болды, деп хабарлайды «24KZ»
Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жүргізілген тексеру жүйелі заң бұзушылықтарды анықтаған.
Атап айтқанда, Сайрам ауданындағы шаруа қожалықтары жалған мәліметтер мен құжаттарды пайдаланып, өндірілген сүт көлемін нақты көрсеткіштен 8 есе артық көрсеткен. Осылайша бюджеттен заңсыз субсидия алу деректері тіркелді.
Тексеру нәтижесі бойынша субсидияларды жымқырудың 2 фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, аса ірі мөлшердегі алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру облыстың арнайы прокурорларына тапсырылды, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта төрт күдіктіге қатысты бір қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бюджетке 40 млн теңге қайтарылып, күдіктілердің құны 100 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.
Екінші қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.