Астанада бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің екінші халықаралық форумы өтті
Астанада Орталық Азия елдері бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің екінші халықаралық форумы өтті. Жиында қазақстандық және шетелдік сарапшылар бала құқықтарын қорғау бағытында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Тәжірибе алмасып, ортақ қарар қабылдады, деп хабарлайды 24KZ.
Халықаралық сарапшылар бала құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады
Орталық Азия елдері өзара ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырып келеді. Оның ішінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі басты назарда. Форумға қатысушылар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Элина Пеккаринен, Финляндияның бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Балалар мәселесі әр мемлекет үшін маңызды. Мысалы, Финляндия мектептерінде ұялы телефондарға тыйым салынып, 13 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні қолдануға шектеу қою мәселесі көтеріліп жатыр. Әрине, бұл белгілі бір қиындықтар тудыруы мүмкін. Алайда балалардың қауіпсіздігі үшін әлеуметтік желілер бақылауға алынып, ірі платформалар да өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Бұл тәжірибе балаларды зиянды контенттен қорғауға үлкен септігін тигізеді деп есептеймін. Мұндай тақырыпта халықаралық тәжірибе алмасу аса маңызды.
Орталық Азия елдерінде демография қарқынды өсіп келеді. Болжам бойынша, 2100 жылға қарай бес елдің халық саны екі есе артуы мүмкін. Сондықтан бала құқықтарын қорғауға қатысты ортақ шешімдер қабылдап, тәжірибе алмасу аса маңызды.
Ариса Ямагучи, Кавасаки қаласының бала құқықтары жөніндегі омбудсмені:
- Мен Жапонияның Кавасаки қаласында жұмыс істеймін. Біз балалардың құқықтарын қорғау жүйесін қалыптастырып келеміз. Осы бағытта Орталық Азия мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдармен пікір алмасуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Жасанды интеллект пен интернет-тәуекелдердің балалардың денсаулығы мен дамуына әсер ететінін түсінеміз. Сондықтан біз балалардың әлеуметтік қарым-қатынасын қолдауға және олардың пікірін ескере отырып, құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлеміз.
Тағы бір өзекті мәселе – балалардың қауіпсіздігі. Қазір біздің елдегі оқушылар «111» байланыс орталығының QR-кодтары арқылы хабарласып, өз мәселелері туралы анонимді түрде айта алады. Осылайша, балалар психологтарына 180 мыңнан астам хабарлама түскен, сондай-ақ 6 мыңнан астам қоңырау шалынған.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Цифрлық құралдар балалармен тікелей байланыс орнатуға пайдалы. Мысалы, қазіргі таңда мемлекетімізде «111» QR-кодтары енгізілді. Күн сайын балалар осы жүйе арқылы хабарламадарды, смс-терді жібереді. Әр мектепте осындай «111» QR-кодтар бар. Осы тәжірибе басқа елдерге өте пайдалы деп ойлаймыз.
Жиында балалардың құқықтарын қорғау, цифрлық ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қарар қабылданды. Құжатта ұлттық қорғау жүйелерін жетілдіру және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне басымдық берілген. Кибербуллингпен күресу, балаларға психологиялық көмек көрсету және ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру міндеттері де құжатта қамтылған.
Наджат Маалла Мджид, БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі:
- Құқық туралы айтқанда, біз ең алдымен білім алу, қорғалу құқықтарын атап өтеміз. Бұл тек әлеуметтік желілермен ғана шектелмейді. Бүгінгі қоғамда жасанды интеллект технологиялары өте жылдам таралып жатыр, ал бұл жеке өмір мен қауіпсіздікті қадағалауды күрделендіре түсуде.
Форумға қатысушылардың айтуынша, өңірлік әріптестікті нығайту Орталық Азия елдеріне балалардың құқықтарын тиісті қорғауға, олардың қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ырыстанбек Оспанов