Астанада Қазақстан-Қытай энергетика форумы өтіп жатыр

Бүгін Астанада энергетикалық жабдықтар саласындағы техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай форумы өз жұмысын бастады. Оның аясында сала мамандары мен энергетика кәсіпорындарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, «Қытай – Шанхай ынтымақтастығы Ұйымы» сауда-экономикалық институты жанындағы Жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Астанадағы форумға екі елдің энергетика нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан белді компаниялардың өкілдері қатысуда. Жиында Қытай тарапы электр станциялары жабдықтарының негізгі құрамдас бөліктерін шығаратын кәсіпорындарды кеңінен таныстырды. Ал форумның басты оқиғасы – Жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылуы болды.

Ғалымбек Аутәліпов, «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры:

– Бұл Қазақстанның энергетика саласын дамыту үшін маңызды. Қытайлық әріптестеріміз өз елінде қол жеткізген жетістіктері мен тәжірибесін бізбен бөліспек. Сондықтан олардың тәжірибесімен танысып, оны елімізде қолдану мүмкіндіктерін және осы бағытта қандай шаралар ұйымдастыруға болатынын қарастырамыз.

Яғни жаңа технологиялар арқылы энергетика нысандарының қоршаған ортаға зияндылығын барынша азайту. Қызмет көрсету орталығы бұдан бөлек жабдықтарды сатып алудан бастап, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, оларға үздіксіз қызмет көрсету, электр станцияларының энергия тиімділігін арттыру және энергия тұтыну көлемін қысқарту арқылы түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Орталық қызметіне елімізде CSTC Kazakhstan компаниясы жетекшілік етеді.

Ян Чжэнвэй, Жасыл энергетика жабдықтарына сервистік қызмет көрсету орталығының директоры:

– Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы энергетика жабдықтарына қызмет көрсетумен қатар бұл іске жергілікті мамандарды да тарту. Олар арнайы оқытудан өтеді. Одан бөлек, Қытайда энергетика саласындағы ең озық компанияларды осында алып келеміз.

Чжэн Ши, «Қытай–ШЫҰ» сауда-экономикалық институтының директоры:

– Біздің институт 2021 жылы ашылған. Содан бері біз 28 маманды оқытып шығардық. Олардың 5 мыңдайы шетелдіктер. Сондықтан біз қазақстандық энергетика мамандарын осында да, қажет болса Қытайдың өзінде де оқыта береміз.

Осылайша, орталық жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуден бастап мамандарды даярлауға дейінгі негізгі алты бағытта жұмыс істемек. Бұдан бөлек, Орталық газ турбиналары пайдаланған газ бен мұнай өңдеу және цемент өндірістерінде пайдаланылған будың жылуы есебінен электр энергиясын өндіруді көздеп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ оқыңыз: