Қостанай фермері БҰҰ жүлдесін алды

Қостанайлық фермер БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы сыйлығының лауреаты атанды. Гүлнәр Қуанышбаева әлемнің 131 елінен қатысқан 600-ден аса үміткердің ішінен үздік шыққан.

Гүлнәр Қуанышбаева 2000 жылдарға дейін қалада тұрды, сауда-саттықпен айналысты. «Бірақ ауылшаруашылығына деген қызығушылық қанда бар қасиет» дейді өзі. Сөйтіп 2007 жылы Үшқарағай ауылынан жер алып, мал өсіре бастайды. Шабындық пен жайылымды да қоса рәсімдейді.

Гүлнәр Қуанышбаева, фермер:

- Мен ешқашан шөп стратегиялық азық деп ойламаппын. 2011 жылы шөп сатып екі айда 14 млн теңге таптым. Сапалы шөпті асылтұқымды бәйге аттарына арнайы сатып алғандар болды. Яғни, шөп сату маған ақша ғана емес, зор бедел, іскерлік ортада танымалдылық әкелді.

Бұдан әрі ол мал азығын дайындау ісін жетілдіре түсті. Себебі өнімділік пен сапа тікелей төрт түліктің жем-шөбіне байланысты. Гүлнәр Қуанышбаева елімізде мал азығы корпорациясын құрып, заманауи сапалы өнім дайындаудың ғылыми әдістемелерін енгізу керек деп есептейді. Бұл бағыттың маңызды әрі тиімділігін әрдайым ісімен дәлелдеп жүр.

Айнұр Қуанышбаева, қызы:

- Табандылық, өзіне сенімділік. Бастаған істі соңына дейін жеткізу. Анамды әрдайым табысқа жеткізіп алға жетелейтін осы қасиеттері деп ойлаймын. Ол бізді сөзбен емес, ісімен үлгі көрсетіп тәрбиеледі. Менің анам – менің өмірімдегі ең мықты ұстазым.

2025 жылы шаруашылық 400 сиырға арналған сүт фермасын салу жобасын бастады. Жоба мемлекеттің жеңілдетілген несиесі арқылы қаржыландырылады. Қазір құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Бір орында тоқырап қалмас үшін кәсіп аясын кеңейту маңызды. Әрине, қиындықтар да жоқ емес.

Гүлнәр Қуанышбаева, фермер:

- Қазір ең қиыны адам тапшы. Бәрі көп ақша тапқысы келеді, бірақ ауыр жұмыс істегісі келмейді. Ал мал бағу бейнеті көп кәсіп. Өз тарапымыздан жастарды қызықтырып, осы іске тартуға тырысамыз. Алайда ауыл еңбеккерлеріне түрлі әлеуметтік жеңілдіктер жасап, мемлекет тарапынан қолдау аса маңызды.

БҰҰ-ның марапаты қазан айының ортасында Римде өткен бүкіләлемдік азық-түлік форумында Гүлнәр Қуанышбаеваға салтанатты түрде табысталды. Осылайшаға қостанайлық фермер әйелдің есімі күллі әлемге танылды. Оның ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге сіңірген еңбегі мен іскерлік ерік-жігері миллиондарға үлгі-өнеге.

Авторлары: Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ оқыңыз: