Қасым-Жомарт Тоқаев: БҰҰ-ның беделі үлкен тоқырауға ұшырады
Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырап, халықаралық құқықтың құндылығы төмендеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларымен бөлісіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталған сөзінде айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Алға қойған міндеттерді орындау үшін, ең алдымен, қоғамда татулық пен бірлік болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа мен ілгерілеу болмайды.
Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары көбейіп, бұл бірнеше Еуропа елінің қауіпсіздігіне елеулі зиян келтірді. Президент қазіргі халықаралық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, әлемнің бұлыңғыр дәуірге аяқ басқанын айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі жаһандық ахуалдың болашағына қатысты саясаткерлер мен сарапшылар арасында ортақ пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңді бастан өткеріп жатыр. Мұндай күрделі әрі болжап болмайтын жағдай тіпті «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған.