Алматы облысында 5 инклюзивті білім беру нысаны салынады

Алматы облысында алты мыңнан астам бала арнайы және инклюзивті білім алады. Өңірде оларға арналған 30-дан астам бейінді мекеме жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан облыста арнайы білім беру ұйымдарының тапшылығы әлі де өзекті. Бұл мәселені шешу үшін қандай шара қолға алынады? 

Алматы облысының Талғар ауданында орналасқан «Ақжол мейірім» оңалту орталығы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мұнда бір жарым мыңнан астам бала көмек алды. Қазір орталықта 252 бала оңалту курсынан өтіп жатыр. Мамандар олардың денсаулығын нығайтуға, жаңа білім игеруіне және күнделікті өмірде қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі.

Мұхаммедәзиз Нұрахметов, «Ақжол-М» оңалту орталығы директорының орынбасары;

- Біздің орталықтағы барлық қызмет тегін. Әлеуметтік қорғау бағыты бойынша 180 балаға қызмет көрсеттік. Ал қалған балаларды қор қаражаты есебінен қабылдаймыз. Оларға да қызмет тегін көрсетіледі. Бізге Алматы облысымен қатар Қазақстанның басқа қалаларынан да балалар келеді. Қазір тіпті Ресейден келген балалар да осында ем алып жатыр.

Алматы облысында бұдан бөлек, 9 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация және 13 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Сондай-ақ өңірде жалпы сыйымдылығы 600 орындық үш арнайы мектеп-интернат бар. Мұндағы балалар өз қажеттіліктеріне сай білім алады.

Ақмарал Бахытқызы, Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Демалыс күндері кетпей қалатында балалар болады. Олар демалыс күндері де солай береді. Арнайы тәрбиешілеріміз бар балаларға, тиісті мамандары бар  қажетті. Әр баланың өзінің диагнозына қарай, логопед, дефектолог деген сияқты түрлі мамандық қажетті мамандықтармен толығымен қамтылған.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамытып, бейінді мамандар тапшылығы мәселесін шешу қажеттігін атап өтті. Алматы облысында арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейту жоспарланып отыр. Өңірде тағы бес мемлекеттік мекеме салу көзделген. Сол жобалардың бірі Қонаев қаласында жүзеге асады. Келесі жылы мұнда 500 орындық жаңа үлгідегі мамандандырылған мектеп кешені салынады. Онда зияткерлік даму ерекшеліктері бар балалар қабылданады.
авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүсенбай

Сондай-ақ оқыңыз: