Кендірліде әуежай құрылысының 60%-ы аяқталды
Маңғыстау облысындағы Кендірлі курорттық аймағында салынып жатқан заманауи әуежай құрылысының 60 пайызы аяқталды.
Каспий теңізінің жағалауында бой көтеріп жатқан әуе айлағының басты ұшу-қону жолағындағы жұмыс 85 пайызға орындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жоба өңірдің көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, туристер ағынын арттыруға жол ашады.
Биыл іске қосу жоспарланған Кендірлі әуежайы сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдай алады. Ұзындығы 2,2 шақырым болатын ұшу-қону жолағы, терминал, өзге де инженерлік инфрақұрылым нысандары кезең-кезеңімен бой көтеріп келеді. Заманауи әуе айлағы Қарақия ауданында, Каспий теңізі жағалауынан 13 шақырым жерде, ал Жаңаөзен қаласынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан. Алғашқы кезеңде жаңа әуежайға жолаушы тасымалдайтын шағын ұшақтар қонатын болады. Келешек үлкен әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндігі толық жетеді деп күтілуде.
Ерасыл Мұсағалиұлы, "ВД Строй-Инжиниринг" ЖШС инженері:
- Төрт кезеңге бөлінген әуежай құрылысы. Бірінші кезеңі бойынша 95%-ға, сыртқы инженерлік желілері бойынша жұмыстары аяқталып жатыр. Ұшу-қону жолағы 90 пайызға таяп қалды. Соңғы қабаты қалды. Үшінші және төртінші кезеңдері бойынша ғимараттардың каркасы толық қаланды. Сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауды жобалап жатырмыз.
Алдағы уақытта өңірлерден Кендірлі курорттық аймағына тіке әуе қатынасынан бөлек халықаралық бағытта Әзербайжан, Өзбекстан және Ресейден ұшақ қатынайды. Жалпы алғанда Кендірлі әуежайының аумағы 599 гектар. Ауқымды жобаның құрылыс-монтажына 137 арнайы техника тартылып, 350-ге жуық маман екі ауысымда қызмет атқарып келеді.
Алина Тұрақбаева, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
- Бірінші кезеңде сыртқы инженерлік желілері, яғни су желілері, электр желілері, байланыс желілері. Екінші кезекте бізде әуежайдың жолдары. Үшінші кезекте бізде әуежайдың мұнарасы және метеожабдықтар. Төртінші кезекте бізде барлық әуежайдың ғимараттары. Қазіргі таңда осы төрт кезеңде де қарқынды жұмыстар жүріп жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған. "Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катон-Қарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келер жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз", деді Президент.
Авторлары Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев