Арнайы әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдарға қойылатын талап күшейді
Қазақстанда арнайы әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдарға қойылатын талап күшейді.
Елде 626 мекеме лицензия арқылы жұмыс істейді. Оның 163-і үкіметтік емес ұйым. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Жаңа ереже бойынша енді мұндай мекемелердің ғимараты талапқа сай болуы тиіс. Онда келушілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Қызмет көрсететін мамандардың білімі тиісті сертификатпен расталады. Бұл туралы Алматыда БҰҰ-ның қолдауымен өткен Орталық Азиядағы алғашқы семинарда айтылды. Жиынға бес елдің мамандары қатысты. Олар балаларға, қарттарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін күтім мәселесін талқылады. Елде әлеуметтік күтім көрсету жүйесіне арнайы мекемелердің жұмысы мен жеке көмекшілердің қызметі кіреді. Қатысушылардың айтуынша, салада оң өзгерістер жасалып жатыр. Дегенмен, әлі де жетілдіретін бағыттар бар.
Снежанна Имашева, ҚР Президенті жанындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл:
- Күтімді қажет ететін отбасылар толықтай сапалы қызмет алуы керек. Мемлекеттік органдардың жұмысы үйлесімді болып, бір міндетті бірнеше мекеме қайталамауы қажет. Күтімді немесе арнайы әлеуметтік көмекті қажет ететін әр адам тиісті қызметке қол жеткізуі тиіс.
Илья Скуб, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
- Әлеуметтік саясат адамның қиын жағдайдан шығуына көмектесуге бағытталған. Бұл ретте оны жұмыспен қамту да маңызды. Халықты жұмыспен қамту министрліктің негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысын арттыру үшін тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Жеке көмекшілерге қатысты да бірқатар реформа жасалды. Олардың еңбек өтілін есептеу тәртібі өзгерді. Бұл кейін зейнетақы төлемдеріне және әлеуметтік аударымдарына оң әсер етеді.