Қазақстанда су үнемдеу технологияларын субсидиялауға 214,6 млрд теңге бөлінді

фото: gov.kz

Қазақстанда 2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға 214,6 млрд теңге қарастырылды. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп, деп хабарлайды 24KZ.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінді. Бұл шара шаруалардың жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелеріне көшуіне қолдау көрсетуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылған еді. Ал мұндай технологияларды қолданатын шаруалар үшін суармалы судың субсидиясы 85%-ға дейін артты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақ 702,3 мың гектарға жетті. Бұл шамамен 1,1 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берген.

Суару жүйелерін енгізу қарқыны да артқан. 2024 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 30 мың гектар жерге осындай технологиялар енгізілсе, 2024-2026 жылдары бұл көрсеткіш 150 мың гектардан асты. Сонымен қатар лазерлік тегістегіш су үнемдеу технологияларының субсидияланатын тізіміне қосылды.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені тұтынылатын су ресурстарының 60%-ына дейінгі бөлігі осы салаға тиесілі. Министрлігіміз жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар осы міндетті орындауға бағытталған. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақты 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрліктің мәліметінше, су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқапты 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз: