Қазақстанда таудағы ең биік көпір ашылды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысында көптен күткен Осинов асуын айналып өтетін жол ашылып, пайдалануға берілді. Елдегі ең биік көпір арқылы көлік қозғалысы басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Жоба Президент тапсырмасы аясында жүзеге асты. Енді аймақтағы үш ауданның тұрғындары тік жартасты әрі ирелеңдеген тау жолдарында өз өмірін қауіпке тікпей, республикалық маңызы бар тас жолмен барар жеріне қиналмай жетеді.

Бұл сәтті өңір тұрғындары көптен күтті. Осинов асуы арқылы өтетін ескі, бұралаң жол енді жүргізушілерге кедергі болмайды. Пихтовка өзенінің үстінен биіктігі 45 метр болатын жаңа көпір түсті. Сондай-ақ тік жартастарды кесіп өтетін ұзындығы 28 шақырым болатын жол салынды. Осылайша еліміз бойынша ең биік көпірдің үстімен алғашқы көліктер өте бастады. Бұл жолмен тек жеңіл көліктер ғана емес, жүк көліктері де еш қиындықсыз өтеді. Бұрын Күршімді айналатындар үшін енді жол 500–600 шақырымға дейін қысқарды. Енді таулы ауданның тұрғындары қыстың күні де қала қатынай алады.

Қанат Садықов, Алтай ауданының тұрғыны:

– Қатон-Қарағай, Үлкен Нарын, Алтай аудандарына баруға жол бірталай қысқарып қалады. Әмбе бұрынғыдай ескі жолда әрқашан көшкін болып тұратын, қар түседі, көшкін түсіп, 2-3 күнге жол жабық болатын. Қазір одан арылып, таза жолға келдік.

Мемлекет басшысы да өз жолдауында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жол сапасы ең маңызды мәселелердің бірі екенін атап өткен болатын. Ал туристік бағыттағы бұл жол Президенттің тікелей тапсырмасымен іске асты. Жоба құны - 21 млрд теңге. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бұл – өңірдің жол инфрақұрылымына бағытталған ауқымды инвестицияның бір бөлігі ғана екенін жеткізді.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Бұған 53 млрд-тың үстінде қаражатты бөлінді. Оның 40 млрд-ы республикалық бюджеттен, 13 млрд-ы облыстық бюджеттен бөлінді. Бұған қазір көптеген жолдар жөндеуден өтуде, соның нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысындағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-дан асты.

Мамандар мұнда салынған қаражат өзін толық айтайтынын айтады. Себебі тік жартасты таулардың ортасында көпір тұрғызу – инженерлік тұрғыдан оңай шаруа емес.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Қиыншылығы – жолды таудың ортасын ойып салғандықтан, біз осы жолды салу барысында 70 мыңнан астам ауыр жүк көлігіне тең тас шығардық.

Мұндағы әрбір жұмыс қатаң талап пен асқан жауапкершілікті қажет етеді. Тек жолдың осы бөлігінің өзінде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» алынған сынамалардың 17 қабылдамай тастады. Мердігер 25 мың шаршы метрден астам асфальт жабындысын өз қаражаты есебінен қайта төсеуге мәжбүр болды. Жауаптылар жол сапасына 5 жылға кепілдік беріп отыр. Сондай-ақ олар жолды Қатон-Қарағай мен Рахман қайнарына дейін ұзартпақ. Бұл Алтайдың асыл тәжі атанған Катонқарай аймағына жылдың кез келген мезгілінде жылдам әрі қауіпсіз жетуді қамтамасыз етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Анель Есенбердина

Сондай-ақ оқыңыз: