ДДСҰ Қазақстанда дәрігерлер жалақысының өсуін қолдады
Президенттің алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласындағы дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі бастамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры қолдады, деп хабарлайды 24KZ.
Тедрос Адханом Гебрейесус Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында инвестиция салу медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Елде келер жылдан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 40%-ға дейін өседі. Қосымша үстемақыны 77 мың маман алады. Гебрейесус 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясына назар аударды. Құжат «Баршаға арналған денсаулық» жаһандық тұжырымдамасына негіз болды. 2028 жылы декларацияның қабылданғанына 50 жыл толады.
«Мен Президент Тоқаевтың Қазақстандағы 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеру жөніндегі бастамасын, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен әл-ауқаты ұлттық саясаттың басты назарында қалатынын жоғары бағалаймын. Қазақстан осы көзқарасты іс жүзінде жүзеге асыруда маңызды үлгі көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған саяси ерік-жігердің маңызы айрықша», – Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры.