Шемонаихада 2 медициналық мекеме салынып жатыр 

Шемонаиха қаласында жыл соңына дейін екі медициналық мекеме пайдалануға беріледі. Бұған дейін жұқпалы аурулар бөлімшесі 60 жыл бұрын салынған ескі ғимаратты паналаған еді.

Енді жаңа нысанға көшеді. Ғасырлық тарихы бар дәрігерлік амбулаторияның орнына жаңасы салынып жатыр. Шемонаихадағы жұқпалы аурулар бөлімшесінің жай-күйін жергілікті жұрт талай рет айтты. Халық жылдар бойы жөндеу көрмеген ескі  нысанда ем қабылдап келді. Тұрғындардың талабы ескеріліп, биыл жаңа ғимараттың құрылысы басталды. Қазір негізгі жұмыстар бітіп, әрлеу және сыртқы коммуникация желілерін жүргізу қалды. Бөлімшеде бұрын 17 орын еді, енді 24 орын болады.

Қаланың алты мың адам тұратын ескі бөлігіндегі бір ғасыр бұрын салынған дәрігерлік амбулатория апатты деп танылған еді. Қазір орнында жаңа құрылыс жүріп жатыр. Медициналық мекемеде тіркеуде тұрғандар мен жұқпалы аурулар бөлімшесінде емделіп жүргендер де аудандық ауруханаға қатынайды. Бұл біраз қиындық тудыруда. 

Оксана Степанова, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Қазір бұл жерге сонау Ықшам ауданнан келеміз. Автобус сирек жүреді. Балаларды ертіп келу тіпті қиын. Қарттарға да оңай емес. Сондықтан құрылыс тезірек аяқталса екен деп күтіп жүрміз.

Аудандық аурухана қызметкерлері қазір бір кабинетті бөлісіп, амалдап отыр. «Дегенмен бұл уақытша қолайсыздық», - дейді олар.

Александр Строкань, Шемонаиха аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Бір аурухана ішінде бірнеше мақсаттағы медициналық мекеменің болуы бізге де науқастарға да ауыр. Аурухана іші тар, ыңғайсыз. Бірақ бұның уақытша екенін бәріміз білеміз. Жұқпалы аурулар бөлімінің құрылысы аяқталса, барлығы орнына келеді. Сондықтан кішкене шыдай тұру керек. Жаңа жыл басында жаңа нысандарға көшеміз деген ойдамын.

Жалпы соңғы 3 жылда облыста «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 36 мекеме салынды. Бұл шалғайдғы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырды.

Айнаш Қапанова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- 27 нысан бұрынғы ғимараттар орнында бой көтерсе, 9 мекеме жаңадан салынды. Осының арқасында ауыл халқына медициналық көмек көрсету деңгейі өсті деуге болады. Сонымен қатар ондағы дәрігерлердің де мүмкіндігі артты.

Дегенмен өңірде әлі де медициналық мекеменің тапшылығы бар. Үлкен Нарын, Тарбағатай, Күршім сияқты бірнеше ауданда 63 нысан салыну қажет. «Бұл жоспар кезең кезеңмен іске асады», - дейді сала басшылары. Жалпы елімізде медицина саласында соңғы 7 жылда 1259 нысан пайдалануға берілсе, соның 800-ден астамы кейінгі үш жылда салынды. 

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: