Жолдау-2026: түсіндірме тобы іске кірісті
«Халықтық құрылыс» жобасына биылдың өзінде Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге бөлінеді.
Қалған 5 трлн теңге 2027-2029 жылдар аралығында беріледі. Мұны бүгін түрлі еңбек ұжымдарымен кездесіп, Президенттің Жолдауын түсіндіріп жүрген Құрылтай депутаттары айтты. Жалпы түсіндірме тобында депутаттармен қатар Халық кеңесінің мүшелері және мемлекеттік органдардың басшылары да бар. Мәселен, солардың бірі бүгін Астанадағы №70 мектептің мұғалімдерімен жүздесті. Жолдау жүктеген міндеттерді ұстаздар мен оқушыларға жеткізіп, олармен пікір алмасты. Құрылтай депутаты Ольга Перепечинаның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қазір Құрылтайда бірнеше Заң жобасы қаралып жатыр.
Ольга Перепечина, ҚР Құрылтайының депутаты:
«Халықпен кездесулерде көпшілік Ұлттық қордың ақшасы туралы сұрақ қойып жатады. Біздің айтарымыз, «Халықтық құрылыс» жобасы аясында салынатын нысандардың барлығы еліміздің келешегі үшін салынатын, өскелең ұрпақтың болашағы үшін қызмет ететін болады. Дәл сондай талаппен салынады. 70 шақты медицина мекемесі, 50 білім, спорт және мәдениет нысаны мұның барлығы Қазақстанның ертеңі үшін жұмыс істейді».
Түсіндірме тобы елордадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі мен қалалық жұмыспен қамту орталығында да болды. Мұнда Президенттің әлеуметтік көмек пен жаңа жәрдемақысы жүйесі туралы айтқан ойлары жан-жақты түсіндіріліп, ең төменгі жалақы мөлшері мен инклюзия мәселелері де сөз болды. Халықты еңбекпен қамту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жайы да айтылды. Халық кеңесінің мүшесі Нәзипа Шанаидің сөзінше, «Халықтық құрылыс» жобасы аясында көптеген жұмыс орындары ашылып, шағын бизнестің дамуына мүмкіндік туады.
Нәзипа Шанаи, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
«Бір құрылысты салу үшін бізге не керек? Бізге техника керек. Онда техникасы бар жұмылады. Одан цемент керек, құм керек, бізге кірпіш керек. Олай болса, бізге соны жасайтын адам керек. Сонымен қатар құрылыста жұмыс істейтін адамдарға киім керек, каска керек. Оны да қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар олар тамақ ішеді. Олай болса, оларды тамақпен де қамтамасыз ету керек. Соның әр бөлігі бізде халықтың ішінде жүрген орта бизнестің атқаратын жұмысы».
Асқар Аймағамбетов, ҚР ЕХӘҚ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы:
«Өзгерістер әрине, халыққа бірінші кезекте дұрыс жеткізілуі керек, дұрыс түсіну керек. Мемлекет өзінің ешқандай әлеуметтік міндеттемелерін қысқартып жатқан жоқ. Мемлекет әлеуметтік төлемдер бойынша өз міндетін толығымен атқарады. Әрі қарай да бұл 36 төлемнің бәрін алып отырады. Бірақ кейбір төлем түрлеріне, 14-төлем түрі деп айтылады Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Ол отбасының нақты әл-ауқатына қарап төленеді».
Мұнан соң түсіндірме тобы №6 қалалық емханада дәрігерлер және медбикелермен де кездесті. Айта кетейін, «Халықтық құрылыс» аясында салынатын жаңа әлеуметтік нысандардың басым бөлігі – ауруханалар мен емханалар. Мәселен, алдағы жылдары елде бой көтеретін 8 перинаталды орталықтың ең ірісі Астана қаласында салынады.