Ерейментауда бордақылау алаңы ашылды

Ақмола облысының Ерейментау ауданында 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы ашылды.

Ауқымды жоба “Береке” жеңілдетілген несие бағдарламасымен жүзеге асты. Торғай ауылындағы ірі шаруашылық Австралиядан мың бір жүз бас “дорпер” қойын әкелді. Қожалық басшысы алдағы уақытта мал басын көбейтуді көздейді.  Жалпы биыл өңірге шетелден асыл тұқымды 16 мың бас мал әкелу жоспарланса, соның жартысынан көбі жеткізілді. Бүгінде облыс аумағында 7 бордақылау алаңы бар. Былтыр 210 мың тонна ет өндірілді. Етті қайта өңдеу ісінде өсім бар.  Жыл басынан бері ет өндірісінің көлемі 76 мың тоннаға жетті. Бұл былтырғыдан 4 процентке артық.

Осылайша Президент тапсырмасына сәйкес жергілікті билік өңірде ет кластерін құрып, экспорттың әлеуетін арттыруға күш салып жатыр.

Нұрбек Бадырақов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңның өзінде 76 млрд теңгені құрайтын біздің инвестициялық жобаларымыз “Береке”, “Игілік” бағдарламасымен мал әкелуді көздеп отырған, ет кластеріне қатысам деп отырған шаруашылықтардың тізімі анықталды. Бүгінгі күннің өзінде біз 15 млрд теңгеге шаруашылықтарды қаржыландырдық. Жалпы жылдың соңына дейін “Береке” бағдарламасы аясында 10 мың бас ірі қара және 6 мың бас “дорпер” қойы облысқа жеткізіледі. Әр қарай біз ет кластері тұжырымдасы аясында жыл сайын біз 50 мың бас ірі қараны әкелуді көздеп отырмыз.

Сондай-ақ оқыңыз: