Қазақстанда уранның стратегиялық қоры құрылады
Өз кезегінде отандық атом электр станцияларын бірнеше он жылдыққа жететін отын резервтерімен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды 24KZ.
Көпке мәлім, келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы басталады. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында жетекші металлургия өндірістерінде реакторларға арналған отын элементтерін өндіру технологиясын жаңғырту жобасы қолға алынды. Мамандар қолданыстағы энергокәсіпорындардың қуатын арттыруға да әзір.
Қазақстанда уранның стратегиялық қорын қалыптастыру жұмыстары қолға алынды. Бұл отандық атом электр станцияларын алдағы бірнеше он жылдықта ядролық отынмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Белгілі болғандай, келер жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы басталмақ. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысындағы жетекші металлургия кәсіпорындарында реакторларға арналған отын элементтерін өндіру технологиясын жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мамандар қолданыстағы энергетикалық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға да дайын.
"Атом энергетикасын дамыту ел болашағы үшін айрықша маңызға ие. Қазақстан тек электр станцияларын салу ғана емес, ондаған жылдарға жететін уран отынымен қамтамасыз ету мәселесін де алдын ала ойластыруы қажет". Бұл Президент Жолдауында республиканың энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты айтылған негізгі тезистің бірі. Былтыр Қазақстанда 123 млрд киловатт-сағат ток өндірілсе, тұтынылған энергия көлемі бұдан 1,5 млрд киловатт-сағатқа көп. Сондықтан атом электр станциялары стратегиялық энергия көздері ретінде қарастырылуда. Мәселен, Өскемендегі металлургия зауытында жылына 400 тоннаға дейін уран отынын әзірлеу жоспарланған. Мамандар бельгиялық инженерлермен бірлесіп, уран таблеткасын өндіретін жабдықты іске қосуға ниетті.
Константин Кузьмин, зауыттағы уран өндірісінің директоры:
- Өндіріс орнында техникалық қайта жарақтандыру жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Біздің зауытта Президенттің ұлттық атом энергетикасын дамыту жөніндегі стратегиясын іске асыру үшін қуатты әлеует, мол тәжірибе әрі озық технологиялар бар.
Қазақстан - уран өндіру жөнінен әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Республикамызда әлемдік өндірістің 40 пайызы шоғырланған. Қазіргі кезде уран өндіретін 14 кәсіпорын 21 кен орнын игерумен айналысады.
Станислав Матвеев, "ҮЛБІ-ТВС" ЖШС бас инженері:
- Мемлекет басшысының бастамасы табиғи уран қорларын тиімді пайдалану арқылы ел экономикасының ұзақ мерзімді даму жолына пайдалануды көздейді. Бұл, орынды шешім. Уранның қомақты қорына ие Қазақстан бұл ресурстарды өзіндік энергетикасын дамытуға пайдалануы қажет деп ойлаймын.
Бұған дейін Президент Тоқаев елдегі энергетика саласының жай-күйін, әсіресе кадр тапшылығын сынға алған еді. Бүгінде отандық энергетикалық компанияларда қызметкерлер санына қатысты нормативтік құжаттар қайта қаралуда. Сонымен қатар жетекші университеттер атом энергетикасы мамандарын даярлау ісін жеделдетуге көшті. Айталық Өскемендегі техникалық университетте студенттер бейінді мамандықтар бойынша білім алады.
Айбек Ақаев, ШҚТУ Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы:
- Білім беру бағдарламасының тиімділігі сол, оны әзірлеуге МАГАТЭ, яғни атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сарапшылары қатысты. Бұл мамандар АЭС құрылысы саласындағы озық технологияларды ұдайы қадағалап отырады.
Айта кетсек, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту арқылы 2029 жылға қарай елді электр энергиясымен жүз пайыз қамтамасыз ету, сондай-ақ генерациялаушы қуат көздерінің кемі 20 пайыздық резервін құру, келешек оның көлемін ұлғайту мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде тұр.
Авторлары Талғат Исламұлы, Дмитрий Пыхтин