Алматыда екінші Тянь-Шань форумы басталды

Қазақстан аймақтағы елдермен экономикалық әріптестікті - тұрақты өсу, бәсекеге қабілеттілік және азаматтардың әл-ауқатын жақсартудың құралы ретінде қарастырады.

Мұны Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Ол Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумының ашылуында сөз сөйледі. Басқосуда көлік, сауда, логистика, энергетика және цифрлық байланыс сияқты мәселелер талқыланып, оны іске асыру жолдары қаралды.

Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Үкіметаралық ұйымға 11 мемлекет мүше. Былтыр алғашқы Тянь-Шань форумы Қытайдың Үрімші қаласында өтті. Нәтижесінде «Орталық Азиядағы қаржылық ынтымақтастық жөніндегі» ғылыми-зерттеу орталығы ашылған еді. Ал екіншісінің Алматыда өтуі тегін емес. Себебі мегаполис Ұлы Жібек жолы заманынан бері стратегиялық маңызға ие. 

Ержан Несібқұлов, ҚР ҰЭМ Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры:

- Бұл форум біздің мемлекеттік органдар мен басшыларына халықаралық қаржы ұйымдарымен бірқатар келіссөздерді өткізуге мүмкіндік береді. Олардың ішінде Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық жобаларын жеңілдетілген және ұзақ мерзімді қаржыландыруды тарта отырып, іске асыру мүмкіндігін жоспарлап отыр. 

Ірі жобалар көлік, теміржол, әуежай, теңіз жағалауындағы инфрақұрылым, трансшекаралық өзендерге қатысты. Басты мақсат тасымалды жылдам, сенімді әрі экономикалық тұрғыдан тиімді ету. Сапалы инвестиция тарту да негізгі бағыт. 2005 жылдан бері CAREC елдерінен Қазақстанға 30 млрд АҚШ долларынан аса қаражат тартылды. Сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастыққа  барынша көңіл бөлініп келеді.  

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Қазақстан үшін тараптармен сауда-экономикалық байланысты нығайту басты назарда болады. Себебі өзара сауданы кеңейту өңірдің экономикалық өсуінің негізгі факторының бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы елдерімен тауар айналымы 9 млрдқа жуық АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға өсті.Бұл серпін экономикалық байланысты одан әрі тереңдету үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін көрсетеді. 

Бүгінгі күннің басты тақырыбының бірі жасанды интеллект. Соңғы екі жылда CAREC елдері жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән берді. Бірақ деңгейлері әртүрлі. Бұл жұмысқа енді ғана кірісіп жатқаны да, стратегиясын әзірлеп үлгерген елдер де бар. 

Илхом Абдуллоев, CAREC институтының біліктілікті арттыру бөлімінің басшысы:

- CAREC  бағдарламасы мен CAREC институты осы саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Біздің мақсатымыз – әрбір елдің жасанды интеллектіні дамытудағы қазіргі деңгейін зерделеу.  Медицинада жасанды интеллектіні қолдану біздің елдеріміз үшін өте өзекті. Қытайдың бұл бағытта тәжірибесі мол. Келесі семинарды денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін іс жүзінде көрсетуге арнауды жоспарлап отырмыз.

Тянь-Шань форумы ертең де жалғасады. Жалпы Қазақстанда Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы елдері капиталының қатысуымен 30 мыңға жуық кәсіпорын, 2,5 мыңнан астам бірлескен компания тіркелген. 

Авторлары Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов

Сондай-ақ оқыңыз: