Олжас Құспеков: 25 жыл бұрынғы заңдар өзектілігін жоғалтты, Азаматтық кодексті жаңарту қажет

фото кадрдан алынды

Мемлекет басшысының Жолдауында жаңа Азаматтық кодекс әзірлеу, мемлекеттік аппараттың жұмысын жаңғырту және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту міндеттері айқындалды. Құрылтай депутаты Олжас Құспековтің пікірінше, жаңа заңнама қоғам мен экономиканың өзгерістеріне сай болуы керек. Әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін қайта қарауды талап етеді. Ол бұл туралы «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Депутаттың пікірінше, қолданыстағы заңнамаға заман талабына сай өзгерістер енгізу қажет. Өйткені қоғамның құрылымы, экономикалық қатынастар мен азаматтардың өзара байланысы өзгеріп келеді. Сонымен бірге заң талаптарының сотта, прокуратура мен полиция жұмысында дұрыс орындалуына да назар аудару маңызды.

Қоғам өзгеріп келе жатыр, дамып келе жатыр. Біздің 25 жыл бұрын жазылған заңдардың көбі қазір өзектілігін жоғалтуда. Сондықтан жаңа реттеу қағидаларын қосуымыз керек. Азаматтық кодексті жаңартып, қазіргі заманға және қоғамның дамуына сай өзгерістер енгізу қажет, - деді Олжас Құспеков.

Жаңа кодексте жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдануға байланысты құқықтық қатынастар да қамтылуы тиіс. Депутат бұл ретте адамның құқығы мен технологияны пайдалану шекарасын нақты айқындау маңызды екенін айтады.

Қазіргі қоғамда жасанды интеллект пен технологиялық жетістіктер кеңінен қолданылып жатыр. Осының барлығы Азаматтық кодексте заңнамалық тұрғыдан реттелуі керек. Цифрландыру дәуірінде адамның құқығы қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын, жасанды интеллектінің қалай қолданылатынын нақты қарастыруымыз қажет, - деді Құрылтай депутаты.

Жолдауда мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселесі де көтерілді. Депутат мемлекеттік қызметтің жұмыс тәртібі мен еңбек жағдайын қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, қағазбастылықты азайтып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жеңілдетіп, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс уақыты мен жалақы мәселесі де нарық талабына сай реттелуі керек.

Мемлекеттік қызметшінің жұмыс істеу тәртібі, жұмыс кестесі, алатын жалақысы – барлығы заман талабына сай болуы керек. Бұрынғы қағазбастылық пен бюрократиядан арылып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану арқылы жұмысын жеңілдетіп, өнімділігін арттыру қажет, - деді Олжас Құспеков.

Ал «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда депутат құқық бұзушылықтың сипатын ескеру керек деп санайды. Оның айтуынша, заңды әдейі бұзу мен білместіктен қате шешім қабылдаудың ара-жігін ажырату маңызды. Мемлекеттік қызметшілердің заң шеңберінде шешім қабылдауына көмектесетін цифрлық құралдарды да енгізу қажет.

«Заң мен тәртіпті енгізген кезде адамның шешім қабылдауына дұрыс бағыт беретін цифрлық құралдар болуы керек. Мемлекеттік қызметте шешім қабылдаған кезде, жасанды интеллект арқылы алдын ала саралап, заң бұзбайтын бағыт-бағдар беретін тетіктерді қарастыру қажет деп ойлаймын, - деді Олжас Құспеков.

Сондай-ақ оқыңыз: