Елде банктерді бақылау күшейеді
Оңды-солды қарыз беретін банктерге тоқтау салынады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа жүйені қолданысқа енгізді, деп хабарлайды 24KZ.
Debt Service Review тұрақты қадағалау процесі 11 ірі банктің қызметін тексереді. «Бұл халықты қарыз батпағына батырмай, шамадан тыс несие алудың алдын алады», – дейді мамандар.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы жалпы қарызы 26,5 трлн теңгеге жетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, оның 17,6 трлн теңгесі тұтынушылық несиеге тиесілі болса, 7,8 трлн-ы – ипотекалық қарыз. Ал 1,2 трлн теңгеден астам қарыз 90 күннен асып, «проблемалық» күйге түскен. Бұған банктердің пайызы жоғары тұтынушылық несиені оңды-солды таратуы себеп дейді мамандар.
Батырхан Елемес, қаржы нарығын шолушы, «Қарызсыз қоғам» жобасының амбассадоры:
– Кейбір банктерде, мысалы, мен өзім де куәгер болдым, банктегі менеджерлері жай сұрайды. Қандай қосымша табысыңыз бар? Соманы айтсаңыз жеткілікті деп. Бірақ та егер ол құжаттарды көрсете алмаса, бұл қосымша табысты қаншалықты санауға болады? Сондықтан біріншіден сол несиені алуға келген адамға сұрақ. Екіншіден банктің өзіне сұрақ. Әрбір банктің методика расчета дейміз, иә, қандай логикамен есептеп адамға кредит береді?
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Банктердің бассыздығын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген талдау да растап отыр. Реттеуші орган DSR жүйесін енгізу алдында 8 банктің қызметін қадағалаған.
Анель Толқынбекова, Тәуекелдерді талдау және стресс-тестілеу департаменті Модельдік тәуекелдерді талдау және жасанды интеллект басқармасының бас маманы:
– Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша банктердің аталған көрсеткіштерді есептеу тәсілдерінде айырмашылықтар анықталды. Бұл тұрақты қадағалау процесін енгізу қажеттілігін растады. Қарыз алушылардың кірістерін бағалаудың дұрыстығына, олардың кредиттік міндеттерін толық есепке алуға және белгіленген талаптардың сақталуына ерекше назар аударылады. Тексеру нәтижелері бойынша агенттік анықталған бұзушылықтарға баға беріп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Сондай-ақ DSR нәтижелері болашақта реттеушілік талаптарды және банктердің қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау тәсілдерін жетілдіру үшін пайдаланылады. «Дегенмен бұл қаржы ұйымдары үнемі қысым астында болады деген сөз емес», – дейді сарапшылар.
Айбар Олжай, қаржы сарапшысы:
– 10 жыл бойы бойы банктерді DSR-мен қарап отырады деген сөз емес. Бірақ басында методика енгізгенннен кейін оның өз формуласы бар есептейтін. Оның өзінің бір параметрлері бар. Осы параметрлер қалай сақталады? Біртұтас, бір уақытта тексеріс жүргізіп, былай айтқанда аудит жасап, стандартын бекітіп, бакнтердің қолына, несие ұйымдарының қолына тапсыруы керек. Есептелуі күрделі. Белгілі бір сұрақтар туындайтын арбитраж жағдайлар туындауы мүмкін.
Серік Селеубайұлы, тілші:
– Қорыта айтқанда, Debt Service Review қарыз алушылардың кірістері дұрыс бағалануын қадағалайды. Яғни бұдан былай азаматтар өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байламайды деген сөз.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Жандос Битабаров