Баспана нарығында қандай өзгеріс болады?
Келер жылы елде пайдалануға берілетін тұрғын үй саны азаюы мүмкін.
Бұл Қазақстан Құрылысшылар одағы вице-президентінің пікірі. Вячеслав Лазаревтің болжамына сәйкес, алдағы жылы сатып алушылар баспана нарығына айтарлықтай ықпал ете алады. Сұраныс төмендегендіктен баспана таңдау және саудаласу мүмкіндігі артады. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, жаңа инфрақұрылымдық жобалар, тұрғын үй бағасының өсуіне әсер етпейді дейді.
Жақында Қазақстанда «Ұмай» бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау басталды. Бар болғаны жеті сағаттың ішінде «Отбасы банк» қазақстандық әйелдерден жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрайтын 850 өтініш қабылдады. Өз баспанасына қол жеткізуді қалайтын әйелдер банк бөлімшелерінің алдында кезекке тұрды. Бағдарламаға деген жоғары сұраныс оның тиімді шарттарына байланысты. Атап айтқанда, дайын тұрғын үйді бастапқы жарнасы 15 пайыздан басталатын ипотека арқылы сатып алуға болады. Бұл көптеген қазақстандық әйел үшін баспана мәселесін шешуге берілген маңызды мүмкіндік.
Нұрлан Ақшанов, "Отбасы банк" Басқарма төрағасының орынбасары:
- Бағдарламаға деген сұраныс өте жоғары болды. Біздің бөлімшеге үш мыңға жуық әйел келді. Оның 850-інен өтініш қабылдап үлгердік. Өкінішке орай, 20 миллиард теңге көлеміндегі қаражат лимиті толық игерілді. Осы 850 өтініштің бір бөлігі, яғни 120-дан астамы онлайн тапсырылды. Ал 300-ден астам адам кеңес беру орталықтарының көмегіне жүгінді.
Үкімет қалыптасқан жағдайға қатысты түсініктеме берді. Жауаптылардың айтуынша, "Ұмай" арқылы үй алам дегендер тым көп, ал бөлінген қаражат көлемі шектеулі. Бағдарлама бірнеше транш арқылы қаржыландырылады. "Отбасы банкінің" мәліметінше, алғашқы екеуі берілді. Енді тағы 16 миллиард теңге көлеміндегі транш күтіліп отыр. Ол 2027 жылдың бірінші тоқсанында бөлінеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сәйкес, қазір елде 870 мың азамат баспана кезегінде тұр. Осы орайда мемлекет құрылыс қарқынын арттыруды көздеп отыр.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Биыл біз көп үй салып жатырмыз. Жыл соңына дейін жалпы аумағы 20,4 миллион шаршы метр баспананы қолданысқа береміз. Мемлекеттік әлеуметтік тұрғын үй туралы айтатын болсақ, оның бағасын біздің министрлік реттейді. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Орташа есеппен бір шаршы метрдің құны - 335 мың теңге. Бұл бағаны бақылаймыз және оның негізсіз өсуіне жол бермейміз.
Ал сарапшылар тұрғын үй құрылысы нарығында тоқырау белгілерін байқап отыр. Тіпті салада құлдырау болуы мүмкін деген болжам бар. Бұған ірі қалаларда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерінің орта есеппен 25-30 пайызға азайғаны дәлел. Сонымен қатар нарықта ұсыныс көп болғанымен биыл жаңа құрылыс жобаларының саны былтырмен салыстырғанда екі есе қысқарған. Бұл тұрғын үй құрылысы қарқынының баяулағанын білдіреді.
Вячеслав Лазарев, ҚР Құрылысшылар одағының вице-президенті:
- Тұрғын үй құрылыс көлеміне байланысты баға да өседі деген болжам жоқ. Себебі құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы көлемі ұлғаймайды. Тұрғын үй құрылысы керісінше азайып, оның орнын инфрақұрылымдық жобалар басады. Ал жалпы инвестиция көлемі шамамен 10-11 триллион теңге деңгейінде қалады. Яғни қаржы құрылыс саласының басқа бағыттарына бөлінеді.
Құрылысшылар одағы вице-президентінің айтуынша, кейінгі бір жарым жылда ел өңірлерінде жылжымайтын мүлік құны 25-30 пайызға қымбаттаған. Алайда жақында бағаның аздап төмендегені байқалды. Сарапшылар мұны халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Вячеслав Лазаревтің болжамынша, келесі жылы нарықта сатып алушылардың мүмкіндігі артады.
Авторы Дариға Ташенова