Биыл қазақстандықтар eGov арқылы 51 млн-нан астам мемлекеттік қызмет алды

Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Биылғы он айда қазақстандықтар eGov арқылы 51,1 млн-нан астам мемлекеттік қызметті онлайн алған. Оның 32,7 млн-нан астамы eGov Mobile қосымшасы, ал 18,3 млн-нан астамы eGov.kz порталы арқылы көрсетілген. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Осылайша, электронды мемлекеттік қызметтердің үштен екісіне жуығы мобильді қосымша арқылы алынған. Қазір eGov Mobile жүйесінде 1100-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді. Сондай-ақ жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік және студенттік билетті қоса алғанда, 40 цифрлық құжат бар. Оларды заңнамада көзделген жағдайларда қағаз түріндегі түпнұсқаларымен тең дәрежеде пайдалануға болады.

Биыл елімізде eGov 3.0 платформасына кезең-кезеңімен көшу басталған. Жаңартылған жүйе мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін жеңілдетуге, цифрлық сервистердің қолжетімділігін арттыруға және жасанды интеллектке негізделген шешімдерді дамытуға бағытталған.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалимовтың айтуынша, қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға көбірек басымдық беріп отыр. Сондықтан цифрлық сервистерді жетілдірумен қатар, оларды пайдалануды барынша жеңілдету көзделген. Осы бағытта азаматтарға қажетті ақпаратты табуға және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсінуге көмектесетін eGov GPT интеллектуалды жүйесі де дамытылып жатыр.

Кәсіпкерлерге арналған цифрлық қызметтер де кеңейіп келеді. Жыл басынан бері eGov Business қосымшасы арқылы 1,8 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қосымшаның ай сайынғы аудиториясы 46 мың пайдаланушыдан асады. Ал күнделікті белсенді аудиториясы шамамен 5,3 мың кәсіпкерді құрайды.

Бизнес өкілдері арасында жеке тұлғаның заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қатысуы туралы анықтамаға сұраныс жоғары. Бұл қызмет 703 мыңнан астам рет көрсетілген. Сондай-ақ тіркелген заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер 470 мыңнан астам рет ұсынылған. Ал заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің болуы туралы анықтама 267 мыңнан астам рет берілген.

Сондай-ақ оқыңыз: