eGov Mobile 7 жылда Қазақстанның негізгі цифрлық платформасына айналды
Қазақстанда eGov Mobile қосымшасын 13,2 миллионнан астам адам пайдаланады. Платформада 1 100-ден астам мемлекеттік қызмет пен цифрлық сервис қолжетімді, деп хабарлайды 24KZ ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Мобильді электрондық үкімет 2012 жылы mGov атауымен іске қосылды. Алғашында онда 70-ке жуық қызмет болды. 2019 жылы қосымша жаңартылып, eGov Mobile деп аталды. 2020 жылы пайдаланушыларды биометриялық сәйкестендіру мүмкіндігі енгізілді.
Қосымшадағы «Цифрлық құжаттар» сервисі қағаз құжаттардың орнына электрондық нұсқасын пайдалануға мүмкіндік береді. Цифрлық құжаттарға 600 миллионнан астам рет қол жеткізілген. Ал QR-код арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігі шамамен 80 миллион рет пайдаланылған.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 2019 жылы қосымшаның ай сайынғы белсенді пайдаланушылары 272 мың болса, 2026 жылы 7,5 миллионға жеткен. Биыл қосымша арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Жеті жыл ішінде eGov Mobile жекелеген мемлекеттік қызметтерді алуға арналған қосымшадан Қазақстанның негізгі цифрлық платформаларының біріне айналды. Азаматтардың күнделікті мәселелерін үйден шықпай-ақ, тез әрі оңай шешуі үшін мобильді үкіметті дамытуды жалғастырамыз, – деді вице-министр.
2024 жылдың шілдесінде кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға арналған eGov Business қосымшасы іске қосылды. Ол мемлекеттік қызметтерді алуға, электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға, QR-кодпен құжаттарға қол қоюға және заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркеуге мүмкіндік береді. 2025 жылы eGov Mobile қосымшасының дизайны жаңартылды.
2026 жылы мемлекеттік қызметтерді іздеп, оларды алу жолдарын сұхбат форматында түсіндіретін eGov GPT іске қосылды. Қазір ол арқылы 50-ден астам қызмет қолжетімді. Сервис 150 мыңнан астам рет пайдаланылған.
eGov GPT жобасы 2026 жылы Астанада өткен AI & Digital Bridge халықаралық форумында «Жылдың GovTech жобасы» аталымын жеңіп алды.