Петропавлдық оқушы қариялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін көмекші әзірледі

Петропавлдық оқушы қариялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған HelpMate көмекшісін әзірледі, деп хабарлайды 24KZ.

Ол адамның қимыл-қозғалысын бақылап, дәрі қабылдау уақытын еске салып отырады. 

Ал оқыс жағдай бола қалса, жақындарына хабарлама жіберіп, жедел көмек шақырады. Жас өнертапқыштың бұл бастамасын мамандар жоғары бағалап отыр. Артур қазір жобаны мобильді қосымша түрінде дайындап жатыр. Осылайша оны көпшілікке қолжетімді етуді көздейді. 

Петропавлдық оқушы қариялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған HelpMate көмекшісін  әзірледі. Ол адамның қимыл-қозғалысын бақылап, дәрі қабылдау уақытын еске салып отырады. 

Ал оқыс жағдай бола қалса, жақындарына хабарлама жіберіп, жедел көмек шақырады. Жас өнертапқыштың бұл бастамасын мамандар жоғары бағалап отыр. Артур қазір жобаны мобильді қосымша түрінде дайындап жатыр. Осылайша оны көпшілікке қолжетімді етуді көздейді.

Жалғызілікті қариялардың қауіпсіздігіне алаңдаған Артур былтырдан бері осы жобаны жасай бастады. Жасы келген адам үйінде абайсызда құлап қалса немесе денсаулығы сыр берсе, жағдайы қиындауы мүмкін. Дер кезінде көмек керек.  Мұндайда көмекші құрал қажет-ақ. Артур алғашында көмекшіні робот түрінде құрастырды.

Артур Штейнер, оқушы:

- Роботтың көзіне камера орнатқанмын. Ол компьютерлік көру технологиясы арқылы адамның құлап қалғанын анықтап, бірден хабарлама жіберетін. Сонымен қатар сенсорлық экраны болды. Оның көмегімен қарт адам үйіндегі кейбір техниканы басқара алатын.

Алғашқы сынақтан кейін жобаны жетілдіру қажеттігі туындаған. Себебі камераның роботқа орнатылуы кей тұрғындарға қолайсыздық тудырыпты. Сондықтан жас өнертапқыш қазір жүйені мобильді қосымша форматына өзгертіп жатыр. Оны смартфон мен ақылды сағат арқылы пайдалануға болады.

Вадим Мещанов, жоба жетекшісі:

- Тұрғындар өзін бақылап отырғандай сезінгенін айтты. Әрі роботты сатып алуға көбінің мүмкіндігі бола бермейді. Түрлі мамандардың кеңесімен ыңғайлы етіп өзгертуге тырысып жатырмыз. Бірақ негізгі  функциялары өзгермейді. Адамның қауіпсіздігін қадағалайды. Су мен дәрі ішуді еске салады. Радиосы да бар. Сұрақ қойса, жауап береді. Сөйлеседі.

HelpMate адамның жағдайын сұрап, халін біліп отырады. Егер жауап болмаса немесе құлағаны анықталса, бірден жақындарына хабарлама жібереді. Ал сағат арқылы жүрек қағысы мен денсаулықтың өзге де көрсеткіштерін бақылауға болады. Жедел жәрдем шақыру мүмкіндігі де қарастырылған. Дәрігерлер жобаның әлеуеті зор екенін айтып, оны медициналық мақсатта да қолдануға кеңес беріп отыр.

Юрий Белоног, СҚО жедел медициналық көмек орталығының директоры:

- Авторларға жобаны жетілдіру жөнінде кеңес бергенмін. Мәселен, оны артериялық қан қысымын тәулік бойы бақылау үшін пайдалануға болады. Қазір функционалды диагностика бөлімдерінде мұндай тексеруден өту үшін кезек күту қажет. Ал бұл құрылғы арқылы бақылау әлдеқайда жеңіл болмақ. Балаларға электрокардиограмма түсіру мүмкіндігін де айттым. Арнайы электродтар орнатып, жүрек жұмысын тәулік бойы тіркеуге болады. Қысқасы, өте жақсы жоба. Мен де өзімнің қарт ата-анама осындай көмекші құралды алар едім.

Мамандардың пікірінше, HelpMatе арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар мен созылмалы аурулары бар науқастардың жағдайын бақылауға болады. Артур Штейнер жобасын одан әрі жетілдіріп, авторлық құқық алып, нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Авторлары Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: