Жолдардың 30 пайызы талапқа сай емес: Көлік министрлігі
Қазақстандағы жол құрылысының сапасы мен оны арттыру жолдары қандай? Елде салынған магистральдардың кемінде 30 пайызы неге нормативтік талаптарға сай келмей отыр? Бұл туралы «24KZ» арнасына Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Сапаны бақылау департаментінің директоры Қуаныш Төлеуханов айтып берді.
Елімізде жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанымен, оның сапасына қатысты сұрақтар әлі де көп. Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық жолдарды сапалы салу аса маңызды міндет екенін атап өтіп, битум мен қиыршықтастардың сапасын алға тартып сылтау айтуға жол берілмейтінін қатаң ескерткен болатын.
Қазіргі уақытта Ұлттық сапа орталығы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сынама алады. Өкінішке орай, солардың кемінде 30 пайызы нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сай келмей отыр. Ақаулар көбінесе жергілікті атқарушы органдардың объектілерінде тіркелген. Заң бойынша талапқа сай емес нысандарды қабылдауға болмайтынына қарамастан, кейбір сапасыз жолдар әлі де эксплуатацияға қабылданып жатыр, – дейді Қуаныш Төлеуханов.
Маманның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін Көлік министрлігі жанынан арнайы жұмыс топтары құрылған. Олар климаттық ерекшеліктерді, соның ішінде ауа райының күрт өзгеруі мен жүк көліктерінің салмағын ескере отырып, жобалау нормаларын халықаралық талаптарға сай ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар битум сапасын жақсарту үшін «суперпай» сияқты озық технологиялар мен полимер қоспаларын қолдану қолға алынды.
Республикалық жолдардың 100 пайызы сапа сараптамасымен қамтылған және күтіп ұстау жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Алайда жергілікті маңызы бар жолдар мен көше желілерінде бұл жүйе әлі де ақсап тұр. Алдағы уақытта жолдарға толық паспорттау жұмыстарын жүргізіп, диагностика қорытындысы негізінде ғана жөндеу түрін дұрыс таңдау маңызды, – деді департамент директоры.
Бүгінгі таңда Ұлттық сапа орталығының басты мақсаты – тек қана ақауларды анықтау емес, оларды дер кезінде жоюға бақылау жасау және болашақта бұндай кемшіліктердің қайталануына жол бермеу.